- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Шәпкенов Маңғыстау облысының тұрғындарын жұмыспен қамту шаралары туралы хабарлады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру аясында қарастырылған халықты жұмыспен қамту шаралары туралы айтты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өз сөзінде Маңғыстау облысында 720 мың тұрғын барын, оның ішінде 399 мың адам еңбекке қабілетті жаста екенін атап өтті. Жұмыс күшінің саны 324 мыңнан астам адамды құрайды. 308 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды (жалдамалы қызметкерлер – 291,4 мың адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 17,1 мың адам). Жұмыссыздардың үлесі 4,9%-ды құрайды.
«Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында 167 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымның 55 объектісі, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылықтың 39 объектісі, 27 өнеркәсіптік объект, туризм саласының 31 объектісі бар. 2025 жылға дейін өңірде 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын, оның ішінде 25 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда», – деді Серік Шәпкенов.
Министр сондай-ақ ағымдағы жылғы 22 қыркүйекте Мемлекет басшысы өңірге жұмыс сапары барысында 2025 жылға дейінгі кешенді жоспар аясында Маңғыстау облысында 18 жаңа мектеп және Ақтау қаласында 4200 орындық жаңа үлгідегі 6 заманауи мектеп салуды тапсырғанын еске салды.
«Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 2 мың оқушыға арналған 3 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ Ақтау қаласында КОС-1-ден КОС-2-ге дейінгі кәріз коллекторының және «жылы пляжға» су құбырының құрылысы бойынша жобалар басталып, іске асырылуда. Бұл жобалар өңірде жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ туризм саласында қосымша 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деді Еңбекминінің басшысы.
Бұдан басқа, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасын іске асыру шеңберінде 2025 жылға дейін өңірде 150 мың тұрғын жұмыспен қамту шараларымен қамтылады. Оқытуға 7 мыңға жуық адам қатысады. Оның ішінде 3,5 мыңға жуық адам Электрондық еңбек биржасы арқылы жаңа мамандықты игеруге және онлайн-курстарда біліктілігін арттыруға мүмкіндік алады. Тағы 3,5 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін меңгеретін болады.
«Кешенді жоспар аясында қабылданып жатқан шаралар 2025 жылға қарай өңірдегі жұмыссыздықты 4,8%-дан аспайтын деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті министр.
Серік Шәпкенов сондай-ақ еңбек жанжалдарын шешу және болдырмау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Оның айтуынша, Маңғыстау облысында 11 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Өңірде орташа жалақы 353 мың теңгені құрайды.
Аутстаффинг бойынша қызмет көрсететін кәсіпорындар бойынша жеке мониторинг жүргізіледі (Тапсырыс беруші компаниядағы жобада жұмыс істеу үшін мердігер компанияда жұмыс істейтін маманды жалдау). Бүгінгі таңда осындай 44 кәсіпорынның 25 мың жұмыскері бар.
«Жыл басынан бері облыс бойынша 22 еңбек жанжалы тіркелді, бұл тіркелген жанжалдардың жалпы санының 80%-ын құрайды. Қызметкерлер қоятын негізгі талап – мұнай сервистік кәсіпорындарда жалақы деңгейін арттыру және еңбек жағдайларын жақсарту (22 еңбек жанжалының 21-і). Бүгінде барлық еңбек даулары оң шешімін тапты», – деді Серік Шәпкенов.
Министр сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кешенді жоспары аясында «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, мердігерге берілетін тапсырыстың көлемін 25% - дан аспайтын мөлшерде шектеу, тендерге қатысатын компанияларға қойылатын біліктілік талаптарын қатаңдату («демпингке қарсы тетікті» қабылдау), сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізе отырып, конкурс өткізу кезінде жоғары жалақы төлейтін фирмаларға қосымша жеңілдіктер беру сияқты шаралар көзделетінін айтты.
Кәсіпорындарда, оның ішінде аутстаффингке жұмыскерлер ұсынатын кәсіпорындарда еңбек заңнамасының сақталуын, жалақы мен еңбек жағдайларындағы айырмашылықтарға жол бермеуді бақылау қамтамасыз етілетін болады.
«Қабылданып жатқан шаралар 2025 жылдың соңына дейін: еңбек жанжалдарының санын азайтуды, анықталған бұзушылықтардың үлес салмағын 20%-ға дейін төмендетуді, өндірістік жарақаттану деңгейін 10%-ға дейін төмендетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп түйіндеді министр.
- 07.10.2021
- 192