- Блогтар
- Шаққалиев А.А.
Шаққалиев А.А.
ҚР Сауда және интеграция министрі
БАҚ үшін хабарлама
Жақында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының Ә.А. Смайыловтың төрағалығымен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырыс шеңберінде өзара сауда, ЕАЭО нарығын санитарлық, кедендік және техникалық реттеу, сондай-ақ медициналық бұйымдардың айналысы мәселелерін қозғайтын 40-тан көп мәселе қаралды.
- ЕАЭО шеңберінде бағалау қызметі мен құрылыс қызметтерін жүзеге асыру шарттарына жалпы тәсілдер мақұлданды.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде құрылыс, жылжымайтын мүлікті бағалау, ҒЗЖ жүргізу, көтерме және бөлшек сауда, Компьютерлік қызметтер және т.б. сияқты салаларда 55 секторда қызмет көрсетудің бірыңғай нарығы жұмыс істейді. Тәсілдерді ағымдағы жылғы желтоқсанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеспен бекіту жоспарланып отыр.
- ЕЭК Кеңесінің мүшелері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «Құс еті мен оны қайта өңдеу өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» ЕАЭО техникалық регламентін енгізу туралы шешім қабылдады.
Техрегламент екі жылдан астам уақыт бойы талқыланып, бизнес және мемлекеттік органдар өкілдерімен кеңінен талқылаудан өтті. Регламентте елдеріміздің халқы үшін осы өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құс еті мен оны қайта өңдеу өнімдеріне қойылатын негізгі талаптар белгіленген. Техникалық регламент қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыстағы «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» КО ТР 021/2011 техрегламенті қолданылатын болады.
- ЕЭК Кеңесі мүшелерінің шешімі бойынша 2023 жылғы
31 желтоқсанға дейін қысқа толқынды пештерге арналған трансформаторлардың жекелеген түрлеріне, пестицидтерді, жалынға қарсы заттарды, иірімжіптен жасалған мақта-мата маталарын, сондай-ақ мета-арамидтерден жасалған синтетикалық талшықтардың жекелеген түрлеріне қатысты кедендік әкелу баждарының нөлдік мөлшерлемелері қолданылатын болады. Сондай-ақ, 2024 жылғы
31 желтоқсанға дейін жемістерді қайта өңдеудің жекелеген өнімдеріне қатысты кедендік тариф 11%-дан 5,5%-ға дейін төмендетілді.
Бұл шешімдер ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өндірушілеріне өндірістік емес шикізат пен материалдарды әкелу кезіндегі шығындарды қысқарту бөлігінде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
- ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің медициналық қолдануға арналған стратегиялық маңызды дәрілік препараттармен және фармацевтикалық субстанциялармен қамтамасыз етілу деңгейін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары мақұлданды, олардың өндірісі ЕАЭО-да 2024 жылға дейін қамтамасыз етілуге тиіс.
Жоспарда көзделген іс-шараларды іске асыру ЕАЭО елдерінің фармацевтикалық нарығын тұрақтандыруға және саланы дамыту векторын толық цикл бойынша өзіндік бірегей дәрілерді жасау және өндіру жағына өзгертуге ықпал ететін болады.
- ЕАЭО шеңберінде медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді өзгерту туралы хаттама мақұлданды.
Осы өзгерістерді қабылдау нәтижесінде ұлттық талаптар бойынша тіркелген медициналық бұйымдар олар тіркелген мемлекеттің аумағында ұлттық тіркеу куәліктерінің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өтініш жасай алады. Оларды ұлттық ережелер бойынша 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін қайта тіркеуге болады. Хаттамаға ағымдағы жылдың желтоқсан айында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес барысында қол қою жоспарланып отыр.
- Қапталған ауыз суды міндетті таңбалауды енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл ретте ЕАЭО елдері өз аумағында қапталған суды таңбалау күні мен тәртібін дербес айқындайды. ҚР-да міндетті таңбалауды енгізу күні ағымдағы жылдың 1 шілдесінен басталып 2022 жылдың қаңтар айының соңына дейін жалғасатын пилоттық жобаны аяқтау қорытындысы бойынша анықталады.
- Жүк тасымалдарын қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы келісім жобасы мақұлданды. Электрондық навигациялық пломбалар навигациялық спутниктік жүйелер технологиясының негізінде жұмыс істейтін болады. Электрондық пломбаларды қолдану тауарлар мен жүктерді темір жол және автомобиль көлігімен тасымалдау кезінде мемлекеттік бақылауды барынша азайтуға бағытталған, сондай-ақ ЕАЭО-да тауарлардың заңсыз айналымын болдырмауға ықпал етеді.
- ҚР Премьер-Министрі А.Ұ. Маминнің бастамасын іске асыру мақсатында ЕЭК Кеңесінің мүшелері ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақтарында халықаралық роумингте ұялы байланыс қызметтеріне әділ тарифтерді қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.
2025 жылға дейінгі жоспарға сәйкес ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің әлемдік тәжірибесі мен байланыс нарығына талдау жүргізіледі, электр байланысы желілерінде алаяқтықтың жолын кесу (fraud) бойынша іс-шаралар іске асырылады, әділ тарифтерді (fair using) адал пайдалану қағидаты енгізіледі, роумингтік қоңыраулар мен оператораралық роумингтік тарифтер үшін халықаралық интерконнект мөлшерлемелерін төмендету жоспарлануда.
- Сондай-ақ, вице-премьерлер ЕАЭО туралы шартқа 130-дан астам түзетулерді мақұлдады, олар құқық қолдану практикасы барысында анықталған құқықтық реттеудегі олқылықтарды жоюға және еңбек көші-қоны, стандарттау және метрология, санитариялық және ветеринариялық-санитариялық шаралар және кәсіпкерлік қызмет салаларында ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясының бірқатар іс-шараларын іске асыруға бағытталған.
ЕЭК Кеңесінің отырысы сындарлы түрде және өзара түсіністік жағдайында өтті. Қаралған барлық мәселелер бойынша өзара тиімді шешімдер қабылданды, олар ЕАЭО шеңберінде интеграциялық процестерді одан әрі дамытуға бағытталған. Кеңес мүшелері ЕЭК Кеңесінің кезекті отырысын ағымдағы жылғы қарашаның екінші онкүндігінде өткізуге уағдаласты.
- 08.11.2021
- 184