- Блогтар
- Сапаров А.C.
Сапаров А.C.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі
АӨК реформалау жолдары мен әдістері жұртшылыққа ұсынылды - ҚР АШМ
2021 жылы 21 желтоқсанда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің Қазақстан фермерлерімен онлайн режимінде кездесуі өтті. Іс-шараға ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер, өңірлік әкімдіктер мен кәсіпкерлер палаталарының өкілдері қатысты.
Кездесуге қатысушылар ветеринария жүйесін реформалау, «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң жобасын және ЖҚШ кооперативтері арқылы мемлекеттік қолдау құралдары сұрақтарын, сондай-ақ «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өзекті сұрақтар мен АӨК мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру мәселелерін талқылады. Пікір алмасу еркін әрі ашық түрде өтіп, агроөнеркәсіптік кешеннің барлық қатысушылары арасында конструктивті диалог орнату мүмкіндігі бар екендігін көрсетті.
Өз сөзінде министр Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында агроөнеркәсіптік кешен саласы алдына бірқатар міндеттер қойғанын, оларды орындау барысында министрлік тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылғанын атап өтті.
Президент бірінші міндет ретінде ветеринария жүйесін реформалауды айқындады. Министрлік ветеринария проблемаларын шешуді орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасындағы өкілеттіктердің аражігін нақты ажыратуда, ветеринария саласын цифрлық форматқа көшіруде,ветеринариялық қызметтер нарығын дамыту үшін жағдай жасауда және осы негізде практикалық ветеринариялық қызметкерлердің жалақысын арттырудан бастамақ.
«Цифрландыруға ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі уақытта Қазақ мал дәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының ғылыми бағдарламасы аясында «Мал дерек» бағдарламалық өнімі әзірленіп жатыр», - деді Ербол Қарашөкеев.
Аталған мобильдік қосымша ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер базасына жануарлар туралы ақпаратты қалыптастыру және беру процестерін автоматтандыруға, практикалық ветеринариялық қызметкерлерді қағазбастылықтан босатуға, мал шаруашылығы өнімдерінің эпизоотиялық жағдайын және қауіпсіздігін бақылау бойынша жұмысты сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
«Мұның барлығы жануарлар туралы ақпараттың шынайылығы мен өзектілігіне адами фактордың әсер етуін барынша жоюға алып келеді және бүгінгі күні жануарларды есепке алудағы жөнсіздікті ретке келтіреді», - деп сендірді ведомство басшысы.
Аталған мәселе бойынша қатысушыларға ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев толығырақ баяндады.
Келесі мәселені талқылауға көшкен Ербол Қарашөкеев елімізде шамамен 1,6 млн жеке қосалқы шаруашылық бар екенін, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының барлық өнімінің жартысына жуығы 2,6 трлн теңге (41,5%) өндірілгенін атап өтті.
Алайда, жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін одан әрі дамыту үшін бірқатар объективті проблемалар бар, олардың ең бастысы жеке қосалқы шаруашылықтардың қызметін реттеуге бағытталған заңнамалық базаның болмауымен байланысты.
«Ішкі нарықта мал шаруашылығы өнімдерінің жартысына жуығы өндірілетініне қарамастан жеке қосалқы шаруашылықтар мемлекет тарапынан қолдау алмайды, ал ұйымдасқан шаруашылықтар мемлекеттік қолдауға ие болып отыр. Мұндай әділетсіздікті жою қажет», - деп атап өтті министр.
Бұл ретте, Ербол Қарашөкеев жеке қосалқы шаруашылықтарға көмек ұйымдасқан шаруашылықтар есебінен жүргізілмейтінін және бұл кооперация арқылы жеке көмек болатынын айтты. Сонымен қатар, бұл заң іс жүзінде елдің ауыл шаруашылығы тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізі болып табылатын ірі агроқұрылымдарға қарсы бағытталмаған.
Бұған қоса, жем-шөппен және жайылымдық жерлермен қамтамасыз етудің қазіргі проблемалары жыл сайын шиеленісе түсуде. Елді мекендердің айналасында бос жерлер жоқ, бөлінген жайылымдық жерлер негізінен оларды қалпына келтіру және жақсарту жөніндегі мақсатты жұмыстардың жоқтығынан тозған.
Қолда бар әлеуетті ескере отырып, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылық проблемаларын шешу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасы әзірленді.
Заң жобасының қоғамдық резонанс тудырған ережелерінің бірі - елді мекен шекарасындағы жеке қосалқы шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау нормативтерін енгізу болды. Қоғамда ауыл шаруашылығы министрлігі адамдарға мал ұстауды шектеп, оларға тек «екі сиыр» қалдырғысы келетіні туралы қызу пікірталас туындады.
Аталған мәселе бойынша министрдің кеңесшісі Төлеухан Нұркиянов түсіндірме берді. Ол қазіргі уақытта аталған заң жобасын кеңінен талқылау процесі жүріп жатқанын, объективті шешім қабылдау үшін ауыл тұрғындарының пікірлерін зерделеу мақсатында ауылдық елді мекендерге шығу ұйымдастырылғанын айтты. Сондай-ақ, көрші елдердің тәжірибесі зерттелді. Осы жағдайлардың барлығын ескере отырып, жұмыс тобы елді мекендерде ұстауға болатын малдың шекті санын белгілеу нормасын алып тастауға және оның орнына экономикалық әдістермен жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперациялау процесін ынталандыратын және олардың кірістерін арттыратын нормаларды күшейтуге шешім қабылдады.
АӨК мемлекеттік қолдау шараларын одан әрі жетілдіру мәселесіне қатысты министр өз ведомствосының ауыл шаруашылығының барлық субъектілері үшін олардың мөлшеріне қарамастан субсидиялардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, нақты индикативтік көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін субсидия алушылардың жауапкершілігін арттыру, өтінім беру және субсидия алу рәсімдерін жеңілдету, адами фактордың әсерін және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар көріністерін барынша болдырмау үшін осы процестердің барлығын цифрлық форматқа көшіру жөніндегі берік ұстанымын жеткізді.
Кездесу соңында министр кеңеске қатысушылардың барлығына белсенді және жемісті жұмысы үшін алғысын білдіріп, айтылған барлық ұсыныстар мен түсініктемелер маңызды және министрліктің жоғарыда көрсетілген нормативтік актілерді жетілдіру жөніндегі алдағы жұмысында ескерілетінін айтты.
- 22.12.2021
- 273