- Блогтар
- Сатыбалды Д. А.
Сатыбалды Д. А.
Түркістан облысының әкімі
Құрметті отандастар! Қадірлі ағайын! Биыл Сүйікті Отанымыз Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесін атап өтуде. Баршаңызды осы ұлы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Құрметті отандастар!
Қадірлі ағайын!
Биыл Сүйікті Отанымыз Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесін атап өтуде. Баршаңызды осы ұлы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
1991 жылы желтоқсанда, осыдан отыз жыл бұрын Қазақстанда Тәуелсіздіктің көк туы желбіреді.
Ол кезеңдерде Қазақстанның өзіне тән қиындықтары қат-қабат еді. Осындай елді тоқыраудан, тығырықтан шығарып, жаңаша мемлекет орнату, ескінің бәрін қайта жаңғырту – ерен ерлік болатын. Нарықтық қарым-қатынасқа икемделу де оңай болмағаны баршаға белгілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты еңбегінде Елбасымыздың ерлігіне ерекше тоқталды. «Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік» деді.
Тәуелсіздіктің 30 жылында жаңа Қазақстанның іргетасы қаланып, жан-жақты нығайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен мемлекеттік рәміздеріміз белгіленді. Мемлекеттік, халықтық билік жүйесі қалыптасып, ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылып, ұлттық қауіпсіздік саласы жаңарды. Ата Заңымыз қабылданды. Халықаралық беделді ұйымдарға мүше болдық. Шекарамыз шегенделді. Нарықтық экономикаға батыл өтіп, отандық бизнес бәсекеге қабілетті бола бастады. Жастарымыз әлемнің озық оқу орындарында білім алса, өзіміздегі оқу, білім ордалары жаңарып, жаңғырды. Қазақстан әлемге әйгілі, беделді мемлекетке айналды. Шетелден инвестициялар молынан тартылды. Есілдің жағасында еңселі елорда бой түзеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі сияқты жаңа жобалар жүзеленді. Тұрын үй құрылысы бұрын болмаған қарқынмен дамыды. Бүкіл елімізде, оның ішінде облысымыздағы қалаларда, аудан-ауылдарымызда ашылған әрбір жаңа мектеп пен балабақша, аурухана мен емхана, мәдениет пен спорт ошақтары, жаңа кәсіпорындар, тағысын-тағы жаңалықтар – бәрі де ел экономикасының тәуелсіздік тұсында қарыштап дамығанының дәлелдері мен дәйектері.
Тұңғыш Президентіміздің 2018 жылғы 19 маусымдағы тарихи жарлығымен Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы өңір орталығына айналды. Бұл оқиға – Тәуелсіздіктің және рухани жаңғырудың жеңістерінің бірегейі еді.
Түркістан қаласы аз ғана уақытта күллі Түркі дүниесіне танылып, түркілер төріне айналды. Биылғы көктемде Түркітілдес мемлекеттер басшыларының бейресми Саммитінде Түркістан Түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы деп жарияланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамам және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осы сұранысқа тікелей жауап. Біз қазақтың қанына сіңген қасиет – келелі істі ақылдасып бірге шешу дәстүрін жалғастыра береміз» деген сөзі бар. Бұл ретте Президент Жолдауындағы бастамалар мен стратегиялық жоспарларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.
Қымбатты түркістандықтар!
Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанымыз қол жеткізген жетістіктер аз емес. Әрине, ештеңе де өздігінен бола бермейді. Қалай болғанын, қандай қиындықтарды бастан кешкенімізді, қандай жолдардан, сын қатерлерден өткенімізді әрқайсымыз, терең түсіне білуге тиіспіз. Қиындықтар, күрделі, күрмеулі түйіндер әлі де бар, болады да. Оларды жеңу үшін, шешу үшін бірлік пен ынтымақ, ерен еңбек, жоғары жауапкершілік керек.
Тәуелсіздіктің отыз жылындағы табыстарымыз толағай. Жақсылықты, жемістер мен жеңістерді көре білу де – үлкен қасиет. Тәуелсіздігіміз, Қазақстанымыз мәңгілік жасай берсін! Отанымызға, әрбір отбасына құт-береке дарып, қазағымыздың мәртебесі биік болсын!
- 30.12.2021
- 372