- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
С. Шәпкенов депутаттарды Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру туралы хабардар етті
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында депутаттарды Мемлекет басшысының халықтың табысын арттыруға қатысты тапсырмаларының орындалу барысы туралы хабардар етті.
Өз сөзінің басында министр халықтың табысы, еңбек нарығындағы жағдай және жұмыспен қамту мәселелері жалпы экономикалық өсу көрсеткіштеріне тікелей байланысты екенін атап өтті. Экономикалық өсу қарқынының баяулауы халық табысының төмендеуіне алып келеді.
Соңғы жылдары ЖІӨ өсімі қызмет көрсету саласы есебінен 62% - ға қамтамасыз етілді, ондағы еңбек өнімділігі өңдеу өнеркәсібіне қарағанда айтарлықтай төмен. Халықтың кірістері құрамындағы әлеуметтік трансферттердің үлесі 2015 жылдан бастап 12% - ға ұлғайды, ал еңбек кірістері, керісінше, 10% - ға азайды.
«Осы кезеңде жұмыс орындарының 37% - ы өнімділігі төмен секторларда, негізінен білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару сияқты мемлекеттің басым қатысуы бар салаларда құрылды. Жұмыс орындарының жартысынан көбі (55%) орташа өнімділік деңгейі бар секторларға, негізінен сауда саласына жатады. Жұмыс орындарының тек 8% - ы ғана жоғары өнімді салаларда құрылған. Нәтижесінде бүгінде жұмыспен қамтылған халықтың 41% - ы табысы мен өнімділік деңгейі төмен салаларда жұмыс істейді. Сондықтан негізгі міндет тұрақты, өнімді жұмыс орындарын құру қарқынын арттыру болып табылады», – деп атап өтті Серік Шәпкенов.
Еңбекминінің басшысы халықтың табысы мен жұмыспен қамтуды арттыруда тағы бір тежеуші фактор еңбек ресурстарының сапасы болып табылатынын атап көрсетті.
Осылайша, жыл сайын оқу орындарының он мыңдаған түлектері жұмысқа орналаса алмайды, жұмысқа орналасқан түлектердің 40% - дан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Жалпы жұмыспен қамтылған халықтың тек 5% - ы ғана жыл сайын біліктілігін арттырады, ал ересектердің 95% - ы кәсіптік оқудан өтуге құлықты емес. Жұмыспен қамтылғандардың 17% - ы мен жұмыссыз халықтың 21% - ында тек орта білімді.
«Сонымен қатар, орта мерзімді перспективада халық санының өсу қарқынын сақтау және жұмыс күшінің санын арттыру күтілуде. 2030 жылға қарай халық саны 20,7 млн адамға жетеді деп күтілуде, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 1,7 млн-ға артық. Бұл ретте жұмыс күшінің таза өсімі 387 мың адам шегінде болжанып отыр, олар үшін тиісті жұмыс орындарының саны талап етіледі.
Егер қазіргі уақытта халықтың жалпы санындағы жұмыс күшінің үлесі 49% - ды құраса, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 46% - ға дейін төмендейді. Яғни, жұмыспен қамтылған халыққа жүктеме артады, ал өмір сүру деңгейінің өсуін қамтамасыз ету үшін еңбек табысының қарқынын арттыру қажет», – деді Серік Шәпкенов.
Еңбек нарығының өзекті мәселелерін шешу үшін Еңбекмині жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халықтың табысын арттыру және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша бірқатар бастамаларды іске асыруда.
Біріншіден, ұлттық жобаларды іске асыру аясында 2025 жылға дейін 2 млн-нан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда, оның 601 мыңы тұрақты.
«Еңбекмині Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу шаралары қамтамасыз етіледі. Жұмыс орындарын құру мониторингін біз салықтар, зейнетақылар, әлеуметтік аударымдар және электрондық еңбек шарттары бойынша деректерді талдай отырып, ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асыратын боламыз. Алдағы 4 жылда құрылатын жұмыс орындарына жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген кемінде 500 мың жұмыссыз азаматты жұмысқа орналастыру жоспарлануда», – деп хабарлады министр.
Екіншіден, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау.
«Биылдан бастап «Бастау Бизнес» жобасына және шағын бизнесті дамытуға гранттар беру тетіктеріне бірқатар өзгерістер енгізілді. Ең алдымен, автоматтандыру есебінен кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға және қайтарымсыз гранттар алуға өтінімдер беру процестерінің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлерді өндірістік және өткізу тізбектеріне интеграциялау аудандар мен шағын қалалардың мастер – жоспарларын әзірлеу арқылы жүзеге асырылады», – деді Серік Шәпкенов.
Мәселен, 2025 жылға дейін 120 мыңнан астам адам кәсіпкерлікке оқытудан өтеді, өз ісін ашуға гранттарды 80 мың жас пен халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері алады.
«Биыл Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес грант көлемі 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін артып, 1,2 млн теңгені құрайды. Жеңілдетілген шарттармен 20 мың адам өз ісін дамыту үшін шағын несие ала алады. Экономикада қосымша 55 мың жұмыс орны құрылады», – деп атап өтті Еңбекминінің басшысы.
Үшіншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың құқықтарын қорғау.
«Қазіргі уақытта қызмет көрсету саласында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың әлеуметтік және еңбек құқықтары еңбек қатынастарын ресімдеусіз қорғалмайды. Сондықтан біз арнайы платформада өзін-өзі жұмыспен қамту мәртебесін тіркеу және салық салудың жеңілдетілген жүйесі арқылы платформалық экономикада фрилансерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеміз. Платформа жұмыс берушілермен, тапсырыс берушілермен тиімді байланыс орнату үшін оңтайландырылған сервистерді ұсынатын болады», – деді министр.
Төртіншіден, еңбек ресурстарының өнімділігін арттыру үшін дағдыларды дамыту.
«Бұл бағытта Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес «Кәсіптік біліктіліктер туралы» заңның қабылдануы өте маңызды аспект болып табылады. Оның негізгі мақсаты біліктілікті тану мәселелерін реттеу және қызметкерлерді өздігінен білім алуға ынталандыру болып табылады», – деп атап өтті Серік Шәпкенов.
Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұлттық жоба аясында қысқа мерзімді курстардың 3 түрі қарастырылған:
- жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарында, жұмыс берушілердің жанындағы оқу орталықтарында;
- тәжірибелі мамандардан тәлімгер тағайындай отырып жұмыс орындарында оқыту;
- skills.enbek.kz платформасында онлайн оқытуды ұйымдастыру.
Онлайн оқыту 2021 жылдан бастап пилот ретінде іске қосылған болатын. Қазіргі күні порталда 103 оқу курстары жарияланды, оның 60-ы тегін курстар. 15 мыңнан астам адам оқуға тіркелген болса, олардың 9 мыңнан астамы оқуды аяқтап сертификаттар алды. «Сүтті ірі қара мал өсіру», «Кондитерлік өнімдер әзірлеу», «Құлпынай өсіру» сияқты курстарға қызығушылық жоғары.
«2025 жылға дейін 125 мыңға жуық азамат еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар бойынша қысқа мерзімді курстардан өтеді. Үшжақты әлеуметтік келісімшарттар оқуды аяқтағаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады», – деп атап өтті Еңбекминінің басшысы.
Бесіншіден, әрбір нысаналы топ үшін жалақыны субсидиялай отырып, арнайы уақытша жұмыс орындары құрылатын болады.
«Мысалы, жастар үшін алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтау және жұмыста орнығу мақсатында жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісімшарты жобалары іске асырылуда. Мүгедектігі бар жандар және басқа да осал топтар үшін жалақысының 50 пайызға дейінгі бөлігі мемлекеттік бюджеттен субсидияланатын әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылады. Зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы, арнайы білімі жоқ, жұмыспен қамту органдарында ұзақ мерзімді тіркеудегі азаматтар үшін қоғамдық жұмыстар қарастырылған», – деп түсіндірді министр.
2025 жылға қарай субсидияланатын жұмыстардан кейін тұрақты жұмысқа орналасу көрсеткішін 70% - ға дейін жеткізу жоспарлануда. Осыған байланысты уақытша жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысатын кәсіпорындар арасында жеке секторды ұлғайту, жұмыс берушілер базасын кеңейту көзделеді.
Бұл шаралармен жыл сайын 120 мыңнан астам азамат (2025 жылға дейін 508 мың адам) қамтылатын болады.
Алтыншыдан, жұмыспен қамту саласын толық цифрландыру.
Негізгі мақсат – бизнес-процестерді түбегейлі қайта қарау және жұмыстың белсенді форматына көшу. Ол үшін Бірыңғай цифрлық экожүйе құрылады.
Экожүйе мынадай сервистерден тұратын болады.
1) enbek.kz арқылы жұмысқа орналастыру – жұмыспен қамтудың шараларына онлайн қол жеткізу;
2) skills.enbek.kz – қысқа мерзімді онлайн курстар порталы;
3) freelance.enbek.kz – фрилансерлерге жұмыс іздеу бойынша сервис;
4) ehr24.kz – электронды еңбек шарттарын тіркеу жүйесі;
5) business.enbek.kz – кәсіпкерлікті дамыту шараларын көрсету бойынша автоматтандырылған жүйе.
Аталған сервистер бүгінгі таңда министрліктің өз күшімен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» мамандарымен әзірленуде.
- 25.02.2022
- 257