- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Еңбекмині халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу процесін автоматтандырады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) субсидияланатын жұмыс шараларын жасау шарттарын қатаңдатты және қызмет көрсету процесінде сыбайлас жемқорлық қатерін болдырмау үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық шараларын автоматтандыру жұмысын бастады. Бұл туралы 2021 жылғы жұмыс қорытындысы мен 2022 жылға арналған жоспар бойынша Еңбекмині кеңейтілген алқа отырысы барысында ведомство басшысы Серік Шәпкенов хабарлады.
Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, Кәсіподақтар федерациясы, «Атамекен» ҰКП, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Министр 2021 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 815 мыңнан астам адам қамтылғанын хабарлады. 486 мың адам жұмысқа орналастырылса, оның ішінде 402 мың адам тұрақты жұмыс орындарына тұрды.
Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 247 жоба жүзеге асырылуда. Картаның бірінші бағыты бойынша 10,9 мың жұмыс орны құрылды.
Сонымен қатар, 566 мың жұмыс орны мемлекеттік және жеке бастамалар аясында құрылды.
«2021 жылдың қазан айында Кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұлттық жоба бекітіліп, онда ағымдағы жылдың негізгі міндеттері мен жоспарлы көрсеткіштері қарастырылған. Биыл жұмыспен қамту шараларымен 700 мың адамды қамту жоспарланып отыр
Ұлттық жобалар шеңберінде 2025 жылға дейін жұмыс орындарын құру Модельдік өңірлік картаның негізіне айналды. Мониторинг ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылатын болады. Онлайн оқыту мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында Skills.enbek.kz порталының жұмысы жалғасып, бұл еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды үйренуге мүмкіндік береді», - деді Серік Шәпкенов.
Сонымен қатар, Еңбекмині басшысы іске асырылып жатқан шаралардың тиімділігі тұрғысында мәселелер бар екенін атап өтті.
«2021 жылы 180 мыңнан астам адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді. Бұл құрал халықты жұмыспен қамтуда қажет. Алайда, қажетті тәсілдерді қайта қарастыру қажет. Өйткені уақытша жұмыс аяқталғаннан кейін барлық қатысушы тұрақты жұмысқа орналаса бермейді. 2021 жылдың қорытындысы әлеуметтік жұмыс орындарынан соң қатысушылардың 78%-ы, жастар практикасынан кейін 62%-ы, ал қоғамдық жұмыстардан кейін тек 32%-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұрақты жұмыс орындарына орналасу көрсеткіші ең төмен.
Тағы бір мәселе, жекелеген жұмыс берушілер өз штаты болмаса да, субсидияланатын жұмыс орындарын пайдалануда. Әріптестер, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама беру жұмыссыздық мәселесін шешпейді. Жұмыс берушілермен жұмыс атқару қажет. Әлеуметтік жұмыс орындары кейіннен жұмыссыздар үшін тұрақты жұмысқа орналасуға трамплин іспетті болуы тиіс», - деді Серік Шәпкенов.
Еңбекмині қатаң шарттары бар қағидаларды бекітті.
Біріншіден, құрылатын субсидияланатын жұмыс орындарының саны ұйымның штат санына байланысты болады.
Екіншіден, қатысушылардың жалақы мөлшері ұлғайтылды, қатысу мерзімдері, субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушылар контингенті қайта қаралды.
«Бұдан басқа, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық шараларын автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін қызмет көрсету процесіне адам факторының қатысуы барынша қысқартылатын болады», - деді Серік Шәпкенов.
Министр сондай-ақ, 2021 жылы Жұмыспен қамту жол картасын іске асыру тәсілдері қайта қаралғанын еске салды. Сонымен қатар, барлық өңірлер жоспарланған мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ете алмады.
«Қызылорда облысы бойынша игерілмеу қаупіне байланысты облигациялық қарыздар есебінен 1,9 млрд теңге алынып тасталды. Осыған қарамастан, жыл қорытындысы бойынша өңірде қаражатты игеру 59%-ды құрады. Әріптестер, қаражат Ұлттық қордан бөлінді. Барлығымыздан жауапкершілік сұралатын болады!
Жұмыспен қамту бөлігінде ЖҚЖК жобаларын іске асыру кезінде Алматы облысын атап өткім келеді. 2021 жылы 16 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілді, оның ішінде 2020 жылдан бастап 8 жоба қолға алынған. Шамамен 2,5 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын, алайда 519 адам немесе 21,3% ғана жұмысқа орналастырылды.
Бүгінде біз ақпараттық жүйе арқылы жобаларға жұмысқа орналасқан адамдардың міндетті зейнетақы жарналарының (бұдан әрі – МЗЖ) болуын толық қадағалай аламыз. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысында (76,8%) және Алматыда (81,5%) МЗЖ бойынша төмен көрсеткіштер бар», - деп атап өтті Еңбекмині басшысы.
Серік Шәпкенов жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныстың теңгерімділігі қазіргі заманғы еңбек нарығының талаптарына жауап беретін сұранысқа ие білікті кадрлардың болуын білдіретінін де атап өтті.
«2022 жылы бейресми және өзін жұмыспен қамтыған халықты еңбек нарығына тарту және азаматтарды біліктілік деңгейін арттыруға, әсіресе цифрлық дағдылар мен құзыреттерді дамытуға ынталандыру үшін нормаларды заңнамалық түрде бекіту жоспарлануда.
Жақын болашақта қандай мамандар сұранысқа ие болатынын түсіну үшін Еңбекмині жыл сайын салалар мен өңірлер бөлінісінде сұранысқа ие кәсіптердің болжамын ұсынатын болады. Сондай-ақ, Еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесін қалыптастыру қағидаларын қайта қарау жоспарлануда», - деп түйіндеді Серік Шәпкенов.
- 02.03.2022
- 212