- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Еңбекмині еңбек қатынастары саласындағы заңнамаға түзетулер әзірлейді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Еңбекмині) жұмысқа алудың жаңа нысандарын реттеуді, еңбек жанжалдарын шешуге кәсіподақтардың қатысуын көздейтін заң жобаларын әзірлейді. Бұл туралы 2021 жылғы жұмыс қорытындысы мен 2022 жылға жоспарға арналған Еңбекминінің кеңейтілген алқа отырысы барысында ведомство басшысы Серік Шәпкенов хабарлады.
Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, Кәсіподақтар федерациясы, «Атамекен» ҰКП, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Серік Шәпкенов еңбек қатынастарын реттеу мәселелері Еңбекминінің ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Бүгінде 66 кәсіпорын мониторингпен қамтылған. Жұмысшылардың жалақы мөлшеріне наразылығына байланысты тәуекелдер әлі де бар. Олар негізінен Маңғыстау (27 кәсіпорын), Атырау (12) және Батыс Қазақстан (7) облыстарында байқалады. Қазіргі уақытта тәуекел аймағында орналасқан 46 кәсіпорын бойынша қызметкерлердің негізгі талабы жалақыны арттыру болып табылады.
Сондықтан жалдамалы қызметкерлердің жалақыларына олар үшін міндетті зейнетақы жарналарының түсуі негізінде талдау жүргізілді.
«2021 жылдың қорытындысы бойынша қызметкерлердің 53,4%-ы (3,1 млн адам) 157 мың теңгеге дейін немесе «медианалық» деңгейден төмен жалақы алды. Еңбекақы мониторингінің нәтижесінде біз әкімдіктерге 2,8 мың ірі кәсіпорынның тізімін жіберіп, олармен кәсіподақтармен бірге жалақыны арттыруға байланысты жұмыс жүргізу қажет», – деді Серік Шәпкенов.
Уақытылы еңбекақы төлеу мәселесі тұрақты бақылауда. Бүгінгі таңда жалақы бойынша берешек 901 млн теңгені құрайды, оның ішінде ағымдағы және мерзімі өткен – 188 млн теңге, банкроттық кәсіпорындарында – 713 млн теңге.
«Жалақы берешегі мәселесіне көзқарас айрықша болуы керек. Әкімдіктер мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп, жалақы борышы бар әрбір кәсіпорынды, оның ішінде банкроттық кәсіпорындарды да егжей-тегжейлі қарастыруы тиіс», - деп атап өтті Еңбекмині басшысы.
Еңбек заңнамасын жетілдіру шеңберінде, 2021 жылы, соңғы уақытта кеңінен дамыған қашықтықтан жұмыс істеу нысандары реттелетін заң қабылданды.
Үкімет кәсіподақтар және жұмыс берушілер бірлестіктерімен бірлесіп, жаңа Бас келісімді іске асыруды бастады, онда жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, кәсіптік стандарттар, еңбек жағдайы мен оған ақы төлеуді жетілдіру, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі және тағы басқа салалардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалды.
Әйелдердің еңбегін шектейтін жұмыстардың тізімі жойылды. Сол арқылы оларды жұмысқа орналастыру, оның ішінде неғұрлым жоғары еңбекақысы бар өнеркәсіп салаларында жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері кеңейтілді.
Қазіргі уақытта әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссиялардың жұмысын өңірлердің әкімдері басқарады.
Еңбек ресурстарының «hr.enbek.kz» порталында 2021 жылдың 1 желтоқсанынан бастап «Онлайн еңбек кеңесшісі» қызметі іске қосылды. Жұмыс беруші осы еңбек инспекторын алмастыратын сервиске жүгіне алады және интерактивті режимде жоспарланған немесе жасалған рәсімдердің дұрыстығын тексереді.
«2021 жылдың қорытындысы бойынша мыналарды атап өтуге болады. 23 мыңнан астам жұмыскердің жалақысы бойынша 5,6 млрд теңге қарызды өтеу қамтамасыз етілді. Өндірістегі жазатайым оқиғалардың саны 2,5%-ға азайды», - деп қорытындылады Серік Шәпкенов.
Сөз соңында, министр, қазақстандықтарды лайықты еңбекпен қамтамасыз ету бойынша 2022 жылға арналған жұмыс жоспары жөніндегі ақпаратты жеткізді.
«Біріншіден, жалдаудың жаңа нысандарын реттеуді, еңбек жанжалдарын шешуге кәсіподақтардың қатысуын көздейтін заң жобалары әзірленетін болады.
Екіншіден, Еңбек жанжалдарының алдын алу және оларды шешу жөніндегі кешенді жоспарды, сондай-ақ Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын өзектендіруді көздейміз. Жұмысшылардың жалақысын арттыру және өндірістік жарақаттануды азайту жөніндегі шараларға ерекше назар аударылатын болады», - деп хабарлады Серік Шәпкенов.
- 02.03.2022
- 245