- Блогтар
- Сатыбалды Д. А.
Сатыбалды Д. А.
Түркістан облысының әкімі
Жетісайда шағын кәсіпкерлік дамып келеді
Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдайтын бағдарламалар бар. Солардың ішінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, «Бастау Бизнес» жобасы аясында қайтарымсыз грантқа ие болған кәсіп иелері бүгінде Жетісай ауданда өз істерін дөңгелетуде. Жалпы былтыр Жетісай ауданында 587 адам мемлекет тарапынан қайтарымсыз грантқа ие болса, солардың 305-і қыз-келіншектер екен. Қазір олар өз еңбектерінің арқасында отбасын асырап отыр. Бүгін Жетісайға жұмыс сапарымда осы кәсіпкерлердің қолдарынан шыққан өнімдердің көрмесін тамашаладым.
Жетісайлық ардақты аналардың бұл белсенділігі – үлгі етерлік жағдай. Әр азамат кәсіппен айналысып, өз отбасын асыраса, өзіне де, қоғамға да пайдалы болмақ. Жалпы жұмыс істеймін деген ниеті бар тұрғындарға мемлекет тарапынан ұсынылатын бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы кеңінен мағлұмат берілуі тиіс. Ауыл әкімдері осы мәселені де назарда ұстауы қажет.
Жұмыс сапарымда заман талабына сай салынған №7 «Тұран» мектеп-гимназиясын көрдім. Жетісай қаласының аумағын ұлғайту мақсатындағы жұмыстармен таныстым. Осы мақсатта 80 га жер бөлінді. Осы аумақта жаңа үйлер мен ғимараттар салынып, ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. Аталған ғимараттардың жобасымен танысып, өз сын-ескертпелерімді айттым.
Әдеттегідей, жергілікті ақсақалдар мен тұрғындармен кездесуімде ауданның өзекті мәселелерін талқыладық. Кездесуде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдары туралы ой қозғадық. «Жаңа Қазақстанды» құрудағы мақсаттар мен міндеттерге тоқталдық. Бүгінде ауыл-аймақтың әлеуетін көтеруде жұмыссыздықпен күрес, кәсіпкерлікті дамыту салаларына басымдық беріліп отыр. Осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырдым. Ақ мақтасымен, қауын-қарбызымен танылған Жетісайдың агросалада әлеуеті өте жоғары. Оны тиімді пайдаланамыз деп ойлаймын.
- 10.03.2022
- 233