- Блогтар
- Шаққалиев А.А.
Шаққалиев А.А.
ҚР Сауда және интеграция министрі
Тауарларды таңбалау туралы
Халықаралық практикаға сәйкес тауарларды таңбалау бірінші кезекте тауарлардың көлеңкелі айналымын төмендетуге бағытталған құралдардың бірі болып табылады. Тауарларды таңбалау тұтынушыларды жалған және контрафактіден қорғап, олардың сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік береді. Сондай-ақ, мемлекет сату тізбегін қадағалап, бизнеске делдалдардың санын азайтуды ұсынып, жосықсыз кәсіпкерлердің үстеме пайда алуына жол бермеуге және тауар құнын реттеуге мүмкіндік алады. Халықаралық тәжірибе де осы тетікті енгізу тауарлардың өндірістен немесе импортты әкелуден бастап түпкілікті сатуға және айналымнан шығаруға дейінгі өмірлік циклін қадағалауға ғана емес, сондай-ақ бюджетке салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша тері бұйымдарын таңбалауды енгізудің арқасында тері бұйымдарын сатудан бюджетке салықтар мен кеден төлемдерінің түсуі 2019 жылдың жеті айы ішінде 2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 55%-ға өсті (2018 жылдың ұқсас кезеңі ішінде 249,4 млн теңгеге қарсы 2019 жылдың жеті айы ішінде 385,3 млн.теңге).
Nielsen зерттеуінің деректері бойынша Қазақстанда темекі өнімдерінің заңсыз айналымының көлемі 2017 жылы 1,8%-ды, 2018 жылы 2,8%-ды және 2019 жылы 2,3%-ды құрады және заңсыз айналымның көлемі 2020 жылы 3%-ға дейін артады деп күтілуде. ДДҰ бағалауы бойынша темекі өнімдерінің заңсыз айналымы орташа есеппен бағаны 4%-ға төмендетеді және дүниежүзілік темекі тұтынудың 2%-ға өсуіне ықпал етеді, бұл өз кезегінде жылына шамамен 164 000 адамның өліміне әкеледі.
Міндетті таңбалау тері бұйымдарына қатысты енгізілді. Сондай-ақ, темекі өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы күрес, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында 2020 жылғы 1 қазаннан бастап елде сигареттерге, 2021 жылғы 1 сәуірден бастап темекі өнімдерінің өзге де түрлеріне міндетті таңбалау енгізіледі («Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін айқындау туралы» Үкіметтің 2020 жылғы 10 қыркүйектегі №568 қаулысы).
Бүгінгі кезеңде 3 тауар тобын міндетті таңбалауды енгізу жоспарлануда. Бұл алкоголь өнімдері, аяқ киім және дәрі-дәрмектер. Сүт өнімдерін және жеңіл өнеркәсіптің кейбір тауарларын таңбалау бойынша пилоттық жобаларды жүргізу пысықталуда. Орташа алғанда, пилоттық жобаны жүргізу 1 жылдан 2 жылға дейін созылады. Мысалы, темекі өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба 2018 жылдан 2020 жылға дейін созылды.
2018 жылғы 2 ақпандағы ЕАЭО-да Тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімге (бұдан әрі – Келісім) сәйкес ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің Еуразиялық экономикалық комиссияны (бұдан әрі – ЕЭК) өз аумағында Одақ шеңберінде таңбалау туралы шешімі жоқ сол немесе өзге бір тауар тобын таңбалауды енгізу ниеті туралы алдын ала хабардар ету алгоритмі (ЕАЭО елдерінде тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімнің 7-бабы) көзделген. Бұл ретте, таңбалауға бастамашы мемлекет те және Одаққа қатысушы қалған елдер де ішкі ұлттық экономиканың мүдделерін басшылыққа алады және қандай да бір тауар позициясын таңбалауды енгізудің өзіндік орындылығын негізге ала отырып, дербес шешім қабылдайды.
ЕАЭО шеңберінде тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ұлттық операторын таңдау туралы норма «Аяқ киім тауарларын сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды енгізу туралы» ЕЭК Кеңесінің 2019 жылғы 8 тамыздағы №72 шешімінде көзделген. ЕЭК Кеңесінің көрсетілген шешімінің 2-тармағына сәйкес мүше мемлекеттер таңбаланған аяқ киім тауарларының сәйкестендіру құралдарымен кедергісіз айналымын қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылғы 1 наурызға дейінгі мерзімде ұлттық операторларды (әкімшілерді) айқындайды немесе тағайындайды.
Ұлттық заңнамада «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның 6-бабының 11-2-тармағына сәйкес Конкурс қорытындылары бойынша тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторын айқындау Үкіметтің құзыретіне жататыны айқындалған.
Өз кезегінде, Бірыңғай операторды айқындау қағидалары Үкіметтің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі №672 қаулысымен бекітілді, оған сәйкес Сауда және интеграция министрлігі ашық 3 кезеңдік конкурс өткізді және сегіз орталық мемлекеттік органдардың және «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының басшылары мен орынбасарлары қатарынан конкурстық комиссия бекітілді.
Байқау қорытындысы бойынша «Қазақтелеком» АҚ Жеңімпаз болып танылды. Үкіметтің 2020 жылғы 3 наурыздағы №95 қаулысымен Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы болып «Қазақтелеком» АҚ белгіленді.
Бұл ретте, Бірыңғай оператордың функцияларын орындау қандай да бір мемлекеттік қаржыландыруды көздемейді, ол толығымен бірыңғай оператордың қаражаты есебінен жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет тауарларды міндетті таңбалауды енгізу кезінде отандық бизнесті қолдаудың өзіндік шараларын көздейтінін атап өту қажет.
Мәселен, Қазақстан Республикасында тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі пилоттық жобаларды жүргізу бойынша қаржылық шығындар «Қазақтелеком» АҚ атынан тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторының иығына толықтай түседі, ал «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі № 544 Заңына (бұдан әрі-Заң) сәйкес Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторында тауарларды таңбалау мен олардың қадағалану процестерін қамтамасыз ететін ресурстар, оның ішінде Қазақстан Республикасының шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – тауар өндірушілерге мүліктік жалдау (жалға алу), лизинг және басқа да қаржы құралдары шарттарында берілетін материалдық жеткізгішке сәйкестендіру құралдарын басып шығаруға арналған жабдық болуға тиіс (Заңның 7-4-бабының 2-тармағының 6) тармақшасы.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1050 қаулысы) сәйкестендіру құралдарын немесе материалдық жеткізгіштерді жағуға арналған жабдықты сатып алуға және Қазақстан Республикасында тауарларды таңбалау кезінде сәйкестендіру құралдарын сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу жөніндегі іс-шаралар көзделген.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) Тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісіммен (2019 жылғы 29 наурызда күшіне енді), сондай-ақ «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Осылайша, заңмен үйлестіруші, салалық мемлекеттік органдардың және тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторының ұғымдары мен құзыреттері айқындалған.
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта (бұдан әрі – Шарт) тауарларды өткізу еркіндігі еуразиялық бірлестікті құрудың негізгі мақсаты ретінде айқындалғанын назарға ала отырып, қабылданған Келісім шарттың негізгі қағидаттарына қайшы келмейді.
Сонымен бірге, Келісім біржақты таңбалауды енгізген ЕАЭО-ға мүше мемлекеттің өндірушілеріне де, Одаққа қатысушы басқа елдердің жеткізушілеріне де қолданылады, бұл ЕАЭО-ның барлық кәсіпкерлік субъектілері тең шарттарда жұмыс істейді және өз аумағында осы тауар тобын таңбалаудан бас тартқан Одаққа мүше мемлекеттердің бизнесіне қосымша талаптар жасалмайды дегенді білдіреді.
Сондай-ақ, мысалы Ресей Федерациясында тауарларды таңбалау және бақылау жүйесін енгізу олардың бағасының инфляция деңгейінен жоғары өсуіне әкелмейді. Бақылау-сәйкестендіру белгілерінің (БСБ) құны реттеушілік әсерді талдау барысында пилоттық жобалардың қорытындылары бойынша да айқындалатынын және Үкімет қаулысымен бекітілетінін атап өту қажет. Мысалы, темекі өнімдерін таңбалауда қолданылатын БСБ құны ҚҚС құнын есепке алмағанда 2,68 теңгені құрайды. 2020 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша тиісті қаулы Үкімет отырысында қабылданды және ол тіркеуде.
«Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның нормаларына сәйкес белгілі бір тауар топтарына міндетті таңбалауды енгізу туралы шешімдер таңбалауды енгізудің орындылығын талдау, сондай-ақ әртүрлі тауар топтарын таңбалау жөніндегі пилоттық жобалардың қорытындылары бойынша салалық мемлекеттік органдар жүргізетін реттеушілік әсерді талдау нәтижелерінің негізінде ғана қабылданатын болады. Пилоттық жобалар барысында бизнеспен бірлесіп іске асырудың техникалық нұсқалары мақұлданады және бизнеске түсетін қаржылық жүктеме бизнес-қоғамдастықтың пікірін ескере отырып, талданады. Пилоттық жобалардың қорытындылары бойынша теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарлар тәуекелдері болған жағдайда, белгілі бір тауар тобы бойынша міндетті таңбалау енгізілмейді.
Пилоттық жоба табысты аяқталған, оң қорытындылар болған және реттеушілік әсерге талдау жүргізілген жағдайда ғана тауарларды таңбалау тиісті тауар тобы бойынша міндетті сипатқа ие болады. Сондай-ақ, пилоттық жобаларға қатысу ерікті негізде жүргізілетінін атап өткен жөн.
Реттеушілік әсерге талдау жүргізу кезінде «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп қоғамдық тыңдаулар өткізілетін болады. Пилоттық жобалардың қорытындылары бойынша тиісті ұсынымдар болған кезде осы пилоттық жобаларды үйлестіретін салалық мемлекеттік органдар бұқаралық ақпарат құралдарын және қалың жұртшылықты тарта отырып, Қазақстан Республикасының Парламентінде қоғамдық тыңдауларға бастамашылық жасауы мүмкін.
- 12.10.2020
- 453