- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Шәпкенов жастарды жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысында Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындау аясында жастарды жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
Өз сөзінде Серік Шәпкенов жастардың зияткерлік, инновациялық, еңбек әлеуетінің тасымалдаушысы ретінде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, болып жатқан өзгерістердің катализаторына айналуы мүмкін екенін атап өтті. Сондықтан жастарды жұмыспен қамту саласындағы саясат әлеуетті ашуға, одан әрі даму үшін жағдай жасауға бағытталған.
«2021 жылдың 4 тоқсанындағы жағдай бойынша экономикалық белсенді жастар 1,9 млн.астам адамды құрайды, олардың 96,3% - ы жұмыспен қамтылған. Республика бойынша жұмыссыздықтың жалпы деңгейі 4,9% болса, жастар жұмыссыздығы едәуір төмен деңгейде және 3,7% немесе 73,3 мың адамды құрайды. Бұдан басқа, 2020-2021 жылдары NEET жастарының үлесі 7,1% – дан 6,7% - ға дейін төмендеді, бұл ішінара білім беру және жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік жастар саясатын табысты іске асыруды көрсетеді», – деп хабарлады Еңбекминінің басшысы.
Министр соңғы 5 жыл ішінде жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылғанын еске салды. Осы кезеңде қолдау шаралары 1 миллионнан астам жастарға көрсетілді, олардың жартысы тұрақты жұмысқа орналасты.
Серік Шәпкенов қазіргі уақытта жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша жұмыс төрт негізгі бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын айтты.
Біріншісі – көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру және қолдау шараларын алу үшін арналарды кеңейту.
«Бүгінде барлық халықты жұмыспен қамту орталықтары Электрондық еңбек биржасы арқылы қызмет көрсетудің электрондық форматына белсенді көшуде. Бұл «Цифрлық жұмыспен қамту орталықтарын» құрудың бастапқы кезеңі. 2021 жылы онлайн-форматта жұмыс іздеп жүрген 149 мың адам немесе тіркелгендердің жалпы санының 34% - ы тіркелген. Электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн режимінде 55 мың азамат тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды. Ағымдағы жылы жұмыспен қамту саласындағы барлық қызметтер онлайн форматқа көшіріледі», – деді Серік Шәпкенов.
Екіншісі – жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін атаулы құралдарды қолдану.
«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба (бұдан әрі – ұлттық жоба) шеңберінде «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» сияқты өзін көрсете білген құралдар көзделген.
Ағымдағы жылы Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша жастар практикасына және «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі тиісінше 12 айға дейін және 18 айға дейін, қатысушылардың жалақы мөлшері – 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды», - деп хабарлады Серік Шәпкенов.
Үшіншісі – жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау. Ұлттық жоба шеңберінде «жастар» санатына жататын кемінде 10 мың адамды бизнес жүргізу негіздеріне оқыту, сондай-ақ жастардың бизнес идеяларын іске асыру үшін 10 мың қайтарымсыз грант беру көзделген. Осы жылдан бастап гранттар көлемі 2 есе яғни 400 АЕК-ке дейін немесе 1,2 млн теңгеге дейін ұлғайды.
Төртіншісі – азаматтарды өмір бойы оқыту жүйесін дамыту.
«Бүгінгі таңда жұмыспен қамтылғандардың 15,2% - ында тек орта білім бар. Түлектердің 40% - дан астамы оқу орнында алған мамандығы бойынша жұмыс істемейді, ал жастардың 34,1% - ы мамандықты өздері таңдаған жоқ. Қазіргі еңбек нарығындағы үрдістерді ескере отырып, сарапшылар алдағы 5 жылда қызметкерлердің дағдылары мен талаптардың шамамен 40% өзгереді деп болжайды.
Экономиканы қажетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін өмір бойы оқытуға баса назар аударылатын болады. Қысқа мерзімді кәсіптік даярлықты ұйымдастыру, оның ішінде оқу орындарының базасында, жұмыс берушілер жанындағы оқу орталықтарында оқыту жалғастырылады, сондай – ақ жұмыс орнында оқытуды және онлайн оқытуды дамытуды іске асыра бастады», – деп хабарлады Серік Шәпкенов.
Министр сондай-ақ, кірістерді арттыру бағдарламасы аясында бизнес қауымдастықпен бірлесіп жаппай қайта даярлаудың «фабрикаларын» құру мүмкіндігі қосымша қарастырылуда. Жастарды сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға ерекше назар аудару жоспарлануда.
«Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша сұранысқа ие дағдыларды тану жүйесі енгізілуде. Қазіргі уақытта «Ұлттық біліктілік жүйесі туралы» заң жобасы әзірленуде. Оның шеңберінде біліктілікті танудың тәуелсіз орталықтарын құру үшін тиімді жағдайлар жасау, жыл сайынғы сертификаттаудан өту үшін ізденушілерге кемінде 1000 ваучер ұсыну көзделеді.
Оқушылар мен жастар арасында кәсіптік бағдарлауды ұйымдастыру үшін мансаптық ілгерілету бойынша кемінде 100 нұсқаулық әзірленетін болады. Сұранысқа ие кәсіптер мен перспективалы дағдылардың тізімі жыл сайын жаңартылып отырады.
Бұл шаралар жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кадрлар даярлауға, жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар туралы хабардар етуге, оларға мамандық таңдауда қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», – деді Серік Шәпкенов.
Сөз соңында Еңбекминінің басшысы болашақта цифрлық жұмыспен қамту орталықтарының мамандарымен қашықтан мансаптық кеңес беру құралдарын әзірлеу жоспарланғанын хабарлады.
- 17.03.2022
- 243