- Блогтар
- Шаққалиев А.А.
Шаққалиев А.А.
ҚР Сауда және интеграция министрі
ТМД қызметтердің еркін саудасы туралы келісімді қабылдауға дайын
18 наурызда Мәскеу қаласында Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен ТМД Экономикалық кеңесінің кезекті отырысы өтті, онда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық ынтымақтастығының түрлі бағыттары талқыланды.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалық етеді. Экономикалық кеңестің отырысында Бақыт Сұлтанов ТМД құрылғалы 30 жыл ішінде ауқымды нормативтік-құқықтық база қалыптастырылғанын, ынтымақтастықтың барлық салаларында айтарлықтай тәжірибе жинақталғанын атап өтті.
«Экономикалық салада жаһандық экономикадағы турбуленттіліктің жағымсыз әсерін еңсеру ортақ күн тәртібіміздегі өзекті мәселе болып қала береді. Осы бағытта ұлттық экономикалардың оң өсу траекториясына сенімді ену және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша келісілген шараларды жүзеге асыру Қазақстан төрағалығының басым бағыттарының біріне айналады», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Күн тәртібіндегі өзекті мәселе Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің қызметтерінің еркін саудасы, құрылуы, қызметі және инвестициялары туралы келісім жобасын қарау болды. Келісімге 2022 жылы ТМД-ның жоғары органдарының бірінің отырысында қол қою жоспарлануда.
Оның ережелерін іске асыру еркін сауда аймағын дамытудың және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұлттық экономикаларын өсірудің маңызды факторына айналады. Экономикалық кеңес мүшелері ТМД-ға мүше мемлекеттердің ұлттық валюталарын ұлттық экономикалардың өзара экономикалық іс-қимылын нығайту факторы ретінде пайдалану туралы ақпаратты тыңдады.
Мемлекеттердің ұлттық валюталарындағы өзара есеп айырысулар тауарлар мен қызметтерді өндіру процесінің барлық кезеңдерінде, сондай-ақ құрылған тауарлардың айналымы, бөлу және айырбастау сатысында олардың өзара іс-қимылының дамуына ықпал етеді. Кеңес сондай-ақ ТМД Үкімет басшылары кеңесінің келесі отырысының қарауына енгізу жоспарланған бірқатар құжат жобаларын мақұлдады.
Атап айтқанда, ғарыш жөніндегі Мемлекетаралық кеңестің 2020-2021 жылдардағы қызметі туралы есеп тыңдалды, оның ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастығын үйлестіру жөніндегі жұмысының тиімділігі атап өтілді.
Сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясын іске асыру жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды.
Экономикалық кеңес мүшелері биологиялық материал алмасу туралы келісім жобасын да мақұлдады. Құжат ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ветеринариялық қызметтерінің ынтымақтастығын кеңейтуді және тереңдетуді, әсіресе, инфекциялық аурулардың ошақтарын ерте анықтау жөніндегі бірлескен іс-қимылдарды жүзеге асыруды, биологиялық материалмен алмасу практикасын дамытуды және ТМД-ға қатысушы мемлекеттер микроорганизмдерінің биобанктерін толықтыруды көздейді.
1995 жылғы 3 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ортақ ғылыми-технологиялық кеңістігін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлданды, оны дайындау ғылымды, технологияларды, инновацияларды дамытудың қазіргі заманғы шарттарына, сондай-ақ осы саладағы ең үздік әлемдік практикаларға сәйкес Келісім ережелерін өзектендіру қажеттігінен туындады.
Отырыс барысында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің химиялық жабдықтарды әзірлеу, өндіру және сатып алу жөніндегі өзара іс-қимылын жолға қоюға, сондай-ақ сыртқы нарықта бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету үшін артықшылықтар қалыптастыруға бағытталған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің химиялық машина жасауды дамыту жөніндегі 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған шаралар кешені бекітілді.
Сонымен қатар, 2017-2021 жылдардағы Орман өнеркәсібі кешені және орман шаруашылығы жөніндегі Үкіметаралық кеңестің қызметі туралы ақпарат қаралды. Соның ішінде трансшекаралық өрттерге, заңсыз ағаш кесуге, орман зиянкестері мен ауруларына қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды қоса алғанда, Достастық кеңістігіндегі орман шаруашылығы мен орман өнеркәсібін басқарудың мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылы туралы талқыланды.
Экономикалық кеңестің шешімімен өнім мен қызмет көрсету сапасы саласындағы жетістіктері үшін 2021 жылғы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының сыйлықтары берілді. Экономикалық кеңестің келесі отырысы 2022 жылғы 10 маусымда Қазақстан Республикасы Нұр-Сұлтан қаласында өтеді деп жоспарланған.
Дереккөз: https://primeminister.kz/kz/news/tmd-kyzmetterdin-erkin-saudasy-turaly-kelisimdi-kabyldauga-dayyn-192556
Қолданылған материалдарға міндетті түрде primeminister.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс.
- 25.03.2022
- 181