- Блогтар
- Қарабаев М. К.
Қарабаев М. К.
ҚР Көлік министрі
Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі лауазымында қызмет атқарып жүргеніме тура 100 күн
⚜️ Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі лауазымында қызмет атқарып жүргеніме тура 100 күн. Осы ретте жүргізілген жұмыстар бойынша қысқаша ақпарат беріп, алда атқарылатын жұмыстардың нақты жоспарымен бөлісуді жөн көрдім.
🔹 Сонымен, осы жылдың қаңтар айында инфляцияға қарсы әрекет ету бойынша 2022-2025 жылдарға арналған іс-шаралар кешенін қабылдадық. Осылайша, энергия өндіруші ұйымдарды қолжетімді бағамен көмірмен қамтамасыз ету және импортты алмастыратын жаңа жобаларды іске асыру бойынша шаралар көзделген.
🔹 Тұрғын үй құрылысы мен қала құрылысына қатысты ережелерге өзгерістер енгізілуде. Осылайша, қалаларды дамыту мен көп қабатты тұрғын үйлер салу саласындағы ахуалды елеулі түрде өзгерте алатын нормативтік құқықтық актілер әзірленді.
🔹 Құрылыс саласы. Биылдан бастап "шаршы метр құрылысынан" өмір сүруге арналған жайлы орта қалыптастыруға көшу жоспарда бар. Бұл жер ресурстарын тиімді пайдалану, көше-жол желісін дамыту және қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыру есебінен жинақы және алуан түрлі құрылыс салудың нәтижесінде мүмкін болады.
🔹 Сондай-ақ қалалардың кешенді құрылысы бойынша жаңа стандарттарды енгізетін боламыз. Осылайша, құрылыс кезінде бірінші кезекте тұрғын үйдің азаматтардың қажеттіліктеріне сәйкестігі, тұрғындардың қауіпсіздігі мен денсаулығы, сонымен бірге құрылыстың тығыздығы мен жайлылығы ескерілетін болады.
🔹 Құрылыс жұмыстары үшін жер телімдерін беру мәселесіне тоқталып өтсем. Біз тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы талаптарды қайта қарап, жер учаскелерін конкурстан тыс беру тәжірибесін заңнамалық түрде алып тастауды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда аталған мәселенің әлсіз тұстары пысықталып, негізгі бағыттар бойынша шаралар айқындалды.
🔹 Сонымен бірге құрылыс саласын цифрландыру және автоматтандыру бойынша жұмыстар жалғасады. Бүгінде "Е-Qurylys" ақпараттық жүйесі әзірленді. Ол құрылыстың барлық кезеңін қадағалауға мүмкіндік береді. Аккредитация бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтер, құрылыс жұмыстарына лицензия беру және басқа да процестер автоматтандырылды. Осылайша құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.
🔹 Арнайы экономикалық аймақтар үшін, жалпақ тілмен айтқанда СЭЗ-дер, көрсетілетін қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтілді. Бұл шараны ел экономикасын қолдау және өңірлердің әлеуметтік проблемаларын шешу, инвестициялар тарту мақсатында қолға алдық. Мәселен, "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағындағы қызмет түрлерін кеңейттік. Енді аталған АЭА электр энергиясын тарату және үлестіру, жылу электр станцияларының электр энергиясын өндіру және басқа да жобалармен айналыса алады.
🔹 Өңір тұрғындарының проблемалары бойынша қоғамдық талқылаулар өткізу игі дәстүрге айналды. Кездесулерде жол құрылысы, ауыз су, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік мәселелер көтеріледі. Осындай форматтағы кездесулер өңір тұрғындарының өзекті мәселелерін егжей-тегжейлі зерделеуге көмектеседі деп санаймын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықпен өңірлерге арнайы барып та, кездесетін боламыз.
🔹 Утилизациялық алымды алып тастау жөніндегі өтініштер мен хаттар легі әлеуметтік желілер арқылы толастамай келіп жатыр. Осы орайда утилизациялық алымның мөлшерін төмендету мәселесіне тоқталып өтуді жөн санаймын.
✔️ Біріншіден, ершікті тартқыштарға қатысты кәдеге жарату алымының ставкалары нөлге теңестіріледі.
✔️ Екіншіден, елімізде квадроциклдер, қар және батпақпен жүретін рекреациялық техникалардың өзіндік өндірісі болмағандықтан, оларға қатысты кәдеге жарату алымының ставкаларын да нөлге теңестіру ұсынылды.
✔️ Үшіншіден, кабельдік-өткізгіш өнімге кәдеге жарату төлемінің ставкалары нөлге теңестіріледі.
✔️ Төртіншіден, автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасына арналған кәдеге жарату алымының мөлшері 50%-ға дейін төмендетілетін болады.
🔹 Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (ТМТМ) дамыту мәселесі біздің бақылауымызда. Қазір оның әлеуетін арттыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Тбилиси қаласында өткен кездесуде грузиялық тарап халықаралық көлік бағдарын ілгерілету үшін бірлескен логистикалық компания құру жөніндегі бастамамызға қолдау көрсетті.
🔹 Біз еліміздің импортты алмастыру, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыру мүмкіндіктерін зерделедік. Осылайша, министрліктің шеңберінде елімізге импорталатын тауарлар бойынша талдау жүргізілді. Зерттеу нәтижелерінен кейін импортты алмастыру бойынша басымдықтарды анықтап, инвестициялық жобалар пулын жасадық. Бұл жобаларды іске асыру тауарлардың импортын толық алмастыруға бағытталған.
🔹 Соңғы 3 жылда пайдалануға берілген тұрғын үйлер бойынша статистикалық деректердің дұрыстығы шеңберінде мониторинг жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда әріптестерім өңірлерде пайдалануға берілген тұрғын үй нысандары бойынша тексеру жүргізуде. Тексеру нәтижелері туралы егжей-тегжейлі баяндап, жазба жариялайтын боламын.
Жоғарыда аталған бағыттар бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
- 21.04.2022
- 192