- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Т. Дүйсенова мен Я. Бериш отбасының әл-ауқатын бағалау әдістемесін талқылады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасының (бұдан әрі – БҰҰДБ) Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш кездесу өткізіп, ҚР Еңбекмині әзірлеген отбасының әл-ауқатын бағалау әдістемесін талқылады.
Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері Ербол Оспанов пен Руслан Сәкеев, ҚР Еңбекмині Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаментінің директоры Альбина Боранбайқызы, Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Ниязов, Халықаралық ынтымақтастық және интеграция департаментінің директоры Салтанат Мұстафина, сондай-ақ БҰҰДБ тиімді даму департаментінің басшысы Айнұр Баймырза қатысты.
Келіссөздер барысында Тамара Дүйсенова ҚР Еңбекмині Отбасының әл-ауқатының деңгейін анықтау және қолдау шараларын көрсету әдістемесін әзірлегенін хабарлады. Ол Сабина Алкире (Оксфорд кедейлік және адам дамуы бастамасы (OPHI)) және Джеймс Фостер (Джордж Вашингтон университеті) жасаған көп өлшемді кедейлікті өлшеу әдісіне негізделген. Бұл әдіс тұрғындардың қай санаты қандай параметрлер бойынша кедейлер тобына жататынын анықтауға, сондай-ақ қоғамдағы кедейлікті көрсету үшін ақпаратты біріктіруге мүмкіндік береді (индикаторлар, географиялық өңірлер, этникалық және әлеуметтік топтардың басқа да белгілері бойынша).
ҚР Еңбекмині әзірлеген әдістеме төрт бағыт бойынша отбасының әл-ауқатының деңгейін айқындауды көздейді: әлеуметтік-экономикалық өмір сүру жағдайлары (13 индикатор), денсаулық сақтау қызметтерімен қамту және мүгедектігі бар адамдардың болуы (5 индикатор), білім беру қызметтерімен қамту және отбасы мүшелерінің білім деңгейі (3 индикатор) және отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы.
Отбасының әл-ауқатын бағалау қорытындылары бойынша кедейліктің ең жоғары деңгейінде тұрған отбасылармен мынадай іс-шаралар жүргізілетін болады:
1. Әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуі үшін әлеуметтік қызметкердің, жергілікті атқарушы орган қызметкердің баруы.
2. Отбасының қажеттілігін анықтау және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер көрсету (оның ішінде мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен проактивті форматта):
- атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегін тағайындау;
- жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;
- балаларды мектептерге/балабақшаларға орналастыру;
- медициналық ұйымдарға тіркеу;
- көмектің басқа түрлерін көрсету.
3. Жобаларды әзірлеуге, жаңа дағдыларға үйретуге, өз ісін (бизнесін) құруға көмек көрсету.
«Қазіргі уақытта біздің Министрлік қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету үшін пайдаланылатын отбасының цифрлық картасын әзірлеуді жүзеге асыруда. Отбасының цифрлық картасы түрлі дерекқорлардағы барлық ақпаратты жинақтауға және талдауға, одан әрі оны жедел өзектендіруге және проактивті форматта (азаматтардың өтініштерін күтпей) отбасының жағдайының нашарлауына жол бермеу үшін қажетті қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Қазір біз тек отбасылар туралы айтып отырмыз, болашақта біз 19 миллион азаматтың әрқайсысын қарастырамыз. Мен БҰҰДБ сарапшыларының біз әзірлеген Әдістемені қарап, оның халықаралық стандарттар мен біздің болмысымызға сәйкестігіне өз бағасын беруін сұрағым келеді», – деді Тамара Дүйсенова.
Өз кезегінде БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі ҚР Еңбекминінің Отбасының цифрлық картасын әзірлеу және енгізу бойынша қажетті әдіснамалық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
«Біз ұзақ уақыт бойы Отбасының цифрлық картасын жасау мәселелерін талқыладық. Бұл ақпараттық жүйе болашақта барлық азаматтарға арналғанын айттыңыз. Біз мұны шынымен солай көреміз. Егер отбасының цифрлық картасын іске қосу табысты іске асырылып жатса, бұл халыққа әлеуметтік қолдау көрсету саласындағы елеулі реформа болмақ. Жергілікті билік органдары бұл процестің маңыздылығын түсінуі қажет. Біз халықаралық тәжірибе мен жергілікті сарапшылардың пікірін ескере отырып, әзірленген отбасы әл-ауқатының деңгейін айқындау және қолдау шараларын көрсету әдістемесіне баға беруге дайынбыз. Бізге барлық уақытта сенім білдіруіңізге болады», – деді Якуп Бериш.
Келіссөздер аяқталғаннан кейін тараптар әлеуметтік-еңбек саласының түрлі бағыттары бойынша одан әрі тығыз институционалдық ынтымақтастық туралы уағдаласты.
- 30.04.2022
- 313