- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Тамара Дүйсенова қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңістің 77 жылдығымен құттықтады
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығымен құттықтады. Ол отандастарымызға бейбітшілік, бақ-береке және ұзақ ғұмыр тіледі.
«Біз Отан қорғаушылар күнін Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні қарсаңында кездейсоқ атап өтпейміз. Кезінде Отанымызды жаудан қорғаған, қазір борышын өтеп жүрген және болашақта Отан алдындағы борышын өтейтін азаматтарға құрмет пен алғысымызды білдіреміз.
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ерекше алғыс білдіргім келеді. Сіздерге зор денсаулық, амандық және бақыт тілеймін! Сіздердің арқаларыңызда біз бейбіт елде өмір сүріп келеміз. Алға биік мақсаттар қойып, жаһандық міндеттерді шеше аламыз.
Сіздердің қиын-қыстау жылдары танытқан ерліктеріңіз барша қазақстандықтардың жүрегінен орын алды. Біз майдандағы ерлігі мен тылдағы еңбегінің арқасында елде тыныштық орнауына үлес қосқан азаматтар жайлы мектеп кезінен бастап оқып, тыңдап өстік.
ҰОС жылдарында Қазақстаннан ұрыс даласына 1 миллион 200 мыңнан астам адам аттанды. 20-дан астам атқыштар дивизиясы және өзге де құрылымдар құрылды. Ерлікпен көзге түскен жүздеген мың азаматымыз орден және медальмен марапатталды. 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Төрт жауынгеріміз екі мәрте Батыр атағын алып, 110 отандасымыз үш дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін жанын берді. Олар шайқаста қаза тапты. Қаншама жауынгердің алған жарақаты жазылмай, xабарсыз кетті. Тұтқынға түскен 630 мың адам оралмады.
Барша отандасымыздан батырларымызды ұмытпауды сұраймын!» – деді Тамара Дүйсенова өз құттықтау сөзінде.
- 06.05.2022
- 289