- Блогтар
- Нұртлеу М.Ә.
Нұртлеу М.Ә.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі
Қазақстан мен Франция стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуды көздейді
Париж, 2022 жылғы 17 маусым – Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы аясында және француз әріптестерімен, елдің іскерлік және зерттеу топтарының жетекшілерімен кездесулер өткізу мақсатында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Парижге жұмыс сапары өтті.
Р.Василенко мен Францияның Еуропа және Сыртқы істер министрлігі Континенталды Еуропа департаментінің директоры Фредерик Мондолони деңгейінде өткен саяси консультациялардың 9-шы раунды барысында ағымдағы жағдай мен екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестікті кеңейту мен тереңдету перспективалары бойынша мазмұнды пікір алмасу орын алды. Тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің кең ауқымы, сондай-ақ Украинадағы қақтығыс пен Ауғанстандағы жағдай бойынша өз ұстанымдарын салыстырды.
Франция – Қазақстанмен қарым-қатынасын стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткізген Еуропалық одақтың бірінші елі (2008 ж.). Бүгінгі таңда Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 170-тен астам компания жұмыс істейді, атап айтқанда «Total», «Orano», «Air Liquide», «Lactalis», «Danone», «Vicat», «Airbus», «Thales», «Alstom» сияқты және т.б. ірі ТҰК. Қазақстанның экономикасына салынған француздық күрделі қаржы жұмсалымының көлемі 2005-2021 жж. 17 млрд АҚШ долларынан асты, бұл Францияны ел экономикасындағы ең ірі бес инвесторының біріне айналдырды. Ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия көздері және атом өнеркәсібі, цифрлық технологиялар, сондай-ақ машина жасау мен технологиялық сфералардағы өзара іс-қимыл ынтымақтастықтың ең перспективалы бағыттары болып табылады.
Келіссөздер барысында тараптар жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасу арқылы қарым-қатынастарға жаңа серпін берудің маңыздылығын атап өтті. Осы орайда Ф.Мондолони Қазақстан Францияның ортаазиялық аймағындағы негізгі және сенімді серіктесі екенін атап өтіп, екі мемлекет басшыларының кездесуін жедел ұйымдастырылатынына сенім білдірді.
Францияның 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Еуродақ Кеңесіне төрағалық етуін ескере келе, ҚР мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегі талқыланды. 29 саланы қамтитын ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің барлық ережелерін іске асыруға, оның ішінде екі ел азаматтары арасындағы байланыстарды кеңейтуге, ҚР азаматтары үшін визалық режимді жеңілдетуге ерекше назар аударылды.
Қазақстандық дипломат әріптестерін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың жүзеге асырылуы жөнінде хабардар етті.
Қазақстандағы демократиялық үдерістердің дамуы сол күні жетекші еуропалық талдау орталығы – Француз халықаралық қатынастар институтында (IFRI) «Жаңа Қазақстан: Францияның стратегиялық серіктесінің болашағы» атты конференцияға да арналды. Іс-шараға Францияның үкіметтік, іскерлік, талдау топтары, сондай-ақ дипломатиялық корпус пен БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияны аша отырып, IFRI негізін қалаушысы-президенті Тьерри де Монбриаль осы беделді орталықтың қабырғасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Сыртқы істер министрі болған кездегі 1998 жылы маусымда «бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймаған алысты болжаған сөзін» еске алды. Осы ретте, ол сол шарада Қ.Тоқаевтың «Қазақстан батыс мемлекеттері деңгейінде демократиялық дамуға кезең-кезеңімен жетуге ұмтылуда» деген сөзін келтірді. Сол мәлімдемелердің және Президент Қ.Тоқаевтың бүгінгі іс-әрекеттерінің нышаны мен сабақтастығын атап өтіп, Т.де Монбриаль Қазақстандағы бүгінгі трансформациялық процесстер сол саясаттың логикалық жалғасы екенін баса айтты.
Өз сөзінде және конференцияға қатысушылардың сан алуан сұрақтарына берген жауаптарында Р.Василенко елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін баяндап, «халық үніне құлақ асатын» мемлекеттің жан-жақты демократиялық үдерістерді жалғастыру мен тереңдетуге деген ұмтылысын ерекше атап өтті. «Елімізде 5 маусымда өткен референдум – бұл реформаларымыздың бастапқы кезеңі ғана, елді жаһандық жаңғырту жалғасады. Жүргізіліп жатқан терең институционалдық өзгерістер қазақ халқының арманына сай келеді», - деді ол.
Сапар аясында Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазақстан Елшілігі ұйымдастырған Қазақстан-Франция дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығына арналған және Триумфалдық аркасының жанында ашық аспан астындағы фотокөрменің ашылуына да қатысты.
Іс-шара қонақтарына құттықтау сөзінде Франциядағы ҚР Елшісі Жан Ғалиев өткен кезеңде біздің елдеріміз үлкен жолдан өткенін, қазіргі таңда стратегиялық қатынастарды одан әрі кеңейту мен нығайта түсуге достық пен сенімге негізделген берік база құрылғанын атап өтті.
Салтанатты іс-шара барысында Р.Василенко ҚР Президентінің атынан екі ел арасындағы байланысты нығайтуға қосқан қомақты үлесі, сондай-ақ Франция аймақтарының белсенді қатысуымен орталықтандырылмаған ынтымақтастығы үшін Ұлттық Ассамблея депутаты, «Франция-Қазақстан» достық тобының Төрағасы Пьер Кабареге «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалін табыс етті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірген депутат «Қазақстан үшін демократиялық құндылықтардың маңызы зор» екенін атап өтіп, оның парламенттік қызметінің соңғы бес жылында Қазақстан оның «екінші отанына» айналғанын айтты.
- 20.06.2022
- 287