- Блогтар
- Нұртлеу М.Ә.
Нұртлеу М.Ә.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымының МК-12-дегі төрағалығы сәтті аяқталды
Женева, 2022 жылғы 17 маусым – Қазақстанның төрағалығымен Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) 12-ші Министрлік конференциясы (МК-12) халықаралық сауда саласындағы аса маңызды шешімдердің тұтас пакетін қабылдаумен аяқталды.
ДСҰ-ға небәрі алты жыл бұрын мүше болған Қазақстан министрлер конференциясына төрағалық еткен ең жас мемлекет атанды. Бұдан басқа, тарихта алғаш рет ДСҰ-ның жоғары басқарушы органын 1995 жылы аталған жаһандық институт құрылғаннан кейін оған кірген, теңізге шығатын жолы жоқ ел, сондай-ақ Еуразия өңірінің елі басқарды.
Қазақстанның табысты төрағалығына жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар ықпал етті, оның барысында МК-12-ге дайындыққа да көп көңіл бөлінді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы мамырда ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен бейнеконференция барысында ДСҰ шеңберінде көпжақты сауда жүйесін нығайту мақсатындағы ынтымақтастық Қазақстан үшін стратегиялық басымдық болып табылатынын атап өтті. Мемлекет басшысы сондай-ақ 2021 жылғы қарашада Швейцария Конфедерациясына сапары аясында өткен ДСҰ басшысымен екіжақты кездесу барысында Қазақстан үшін МК-12-ге төрағалық ету үлкен мәртебе екенін атап өтіп, ДСҰ-ның келіссөздер күн тәртібіндегі барлық шешілмеген мәселелерді талқылауға еліміз сындарлы үлес қосуға әзір екенін айтты.
ДСҰ Бас директоры Н. Оконджо-Ивеала Қазақстанның төрағалығына жоғары баға беріп, Қазақстан басшылығы мен Үкіметіне конференцияға дайындық барысындағы жемісті ынтымақтастық үшін, сондай-ақ осы жаһандық іс-шараға, оның ішінде коронавирустық пандемиясына байланысты оны Нұр-Сұлтаннан Женеваға ауыстыру жолындағы түрлі сын-қатерлерді еңсерудегі шеберлігі мен икемділігі үшін ризашылығын білдірді.
МК-12 қорытындысы ДСҰ-ның 164 мүшесінің сауда министрлері заңсыз, хабарланбаған және реттелмейтін балық аулауды ынталандыратын субсидияларға тыйым салу туралы маңызды келісімді қабылдады. Бұл келісім азық-түлік қауіпсіздігі мен жұмыс орындары тұрғысынан балық аулауға тәуелді қауымдастықтар үшін өмір сүру қаражатын сақтау мақсатында шамадан тыс балық аулауды шектеуге бағытталған.
МК-12-де қабылданған қауіпсіз және тиімді вакциналарды өндіру мен дамушы және аз дамыған елдерге вакциналарды жеткізуді кеңейту үшін зияткерлік меншік құқықтарын шектеу мүмкіндігі туралы шешім COVID-19 пандемиясының алдын алу, емдеу немесе таралуын болдырмау үшін үлкен маңызға ие.
Азық-түлік бағасының өсуі аясында кедей елдердің халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы көрсететін азық-түлік көмегін экспорттық тыйымдардан немесе шектеулерден алып тастау туралы шешім қабылданды.
Цифрлық қызметтер мен өнімдерді, әсіресе пандемия және экономикалық қалпына келтіру кезеңінде дамытудың маңыздылығын мойындай отырып, министрлер Электрондық сауда жөніндегі жұмыс бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға және электрондық трансмиссиялар кезінде кедендік баждарды алуға мораторийді ДСҰ-ның келесі министрлік конференциясына дейін ұзартуға келісті. Бұл шешім бизнес пен тұтынушылар үшін сенімділік пен болжамдылықты қамтамасыз етеді, сондай-ақ цифрлық экономика дамуының артықшылықтарын алуға көмектеседі.
МК-12-де қорытынды сөз сөйлеген ДСҰ Бас директоры сауда қазіргі дағдарыстарды шешудің бір бөлігі екенін атап өтті және қол жеткізілген келісімдер пакеті ДСҰ-ға мүше елдердің геосаяси қайшылықтарды жеңу, әлемдік қоғамдастықтың проблемаларына жауап беру, экологиялық проблемаларды шешу және әлеуметтік-экономикалық интеграцияға ықпал ету үшін бірігу қабілетін көрсетті.
ДСҰ-ның 12-ші Министрлік конференциясының ерекшелігі мүше елдердің бұрын-соңды болмаған шешімдер саны болып табылады, бұл ДСҰ халықаралық сауда ережелерін әзірлеу мен реттеудің бірден-бір көпжақты платформасы болып қала беретінін, сондай-ақ ең өзекті жаһандық мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.
- 20.06.2022
- 289