- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Т. Дүйсенова мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған шаралар жөнінде айтты
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған шаралар жөнінде айтты.
Сөзінің басында Тамара Дүйсенова маусым айында Мемлекет басшысының мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған қосымша шараларды қарастыратын Заңға қол қойғанын атап өтті. Осы Заңды жүзеге асыру үшін тамыз айының соңына дейін 300-ден астам заңға тәуелді актілер өзектендіріледі.
Қазіргі таңда Қазақстанда 700 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 60%-ы – еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 26%-ы – зейнет жасындағылар, 14%-ы – балалар. Оларды қоғам өміріне араластыру үшін кезең-кезеңімен жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Біріншісі – мүгедектікті белгілеу.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сай мүгедектікті белгілеудің проактивті немесе «сырттай куәландыру» форматына көшуді бастадық. Оның мәні азаматтың денсаулық жағдайына қатысты ақпарат пен осыған байланысты тіршілік қалыбының өзгеруі жөніндегі дәрігердің қорытындысы медициналық ақпарат жүйесіне енгізіледі. Ондағы ақпарат Еңбек министрлігінің Мүгедектігі бар азаматтар туралы орталықтандырылған мәліметтер базасына келіп түседі. Бұрын базадан оны әркімнің тұрғылықты жеріне жолдайтынбыз. Енді ешкімнің жеке мәліметін көрсетпей, автоматты түрде үш өңірдің сарапшылар комиссиясына жібереміз. Комиссияның қорытындысы негізінде шешім қабылданып, ол шешім азаматтарға ыңғайлы форматта жолданатын болады», - деді Тамара Дүйсенова.
Бүгінге дейін 25 мыңнан астам құжат немесе осы салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 21 пайызы осындай форматпен қаралды.
Сонымен қатар, жұмыс қорытындысы бірқатар тың мүмкіндіктер бар екенін көрсетті. Атап айтқанда:
- азаматтар медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясына ұсынатын қағаз құжаттардың барлық түрін толық алып тастап, емханаларды бірыңғай терезе ретінде айқындауға;
- ауру түрлері бойынша бейінді мамандарды сараптамаға тарту арқылы азаматтардың тұрмыстағы шектелу дәрежесін неғұрлым дәл белгілеуге;
- ұсынылатын қызметтер мен техникалық құралдардың нақты тізімін анықтай отырып, көмекке мұқтаж әр азаматқа жеке оңалту бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігі бар.
«Бұл бағыттағы жұмысты Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп атқарып жатырмыз. 2023 жылдың соңына дейін медициналық-әлеуметтік сараптама жұмысын түбегейлі өзгертіп, осы саладағы қызметтің тең жартысын проактивті форматқа көшіруді жоспарлап отырмыз. Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі мен азаматтардың денсаулық картасы енгізілгеннен кейін оған толық көшеміз», - деді министр.
Екінші – мүгедектігі бар адамдардың тiршiлiктегі шектеулерді еңсеруіне мүмкіндік беретін қызметтер мен техникалық құралдар арнайы Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылады.
«Бұрын осы жұмыстың бәрі жергілікті жерде атқарылатын. Жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың қызметіне сын-ескерту өте көп айтылатын. 2021 жылы Порталдың іске қосылуы жеке оңалту бағдарламаларының орындалуын 87 пайызға жеткізді. Сондай-ақ, оңалтуға қажетті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз ету мерзімін 8 айдан 14 күнге дейін қысқартуға, қай жерде тұрғанына қарамастан барлық мұқтаж адамның қызметтер мен техникалық құралдарға қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Құрал-жабдықтар мен қызметтерді және оны берушіні әркім өз бетімен таңдау мүмкіндігіне ие болды. Яғни, азаматтар қызметтің сапасына, оны берушінің іскерлік беделіне және өзгелердің пікіріне сүйене отырып, не алатынын өзі таңдайды», - деді Тамара Дүйсенова.
Министр құралдардың сапасына, өнім өндірушілердің баға саясатына және олардың өз міндетін адал әрі ұқыпты атқаруына байланысты әлі де сұрақтардың бар екенін атап өтті.
«Осыған орай, оңалту қызметі мен құралдардың стандарты, баға саясаты және тиісті қызметті ұсынушыларды Порталға тіркеу шарттары қайта қаралатын болады. Біз «қызмет алушылардың соңынан ілесетін қаржы» қағидатын енгіземіз. Бұл шаралар қызмет көрсету нарығын дамытуға жағдай жасауға және қызмет ұсынушыларды әділ бәсекеге ынталандыруға бағытталған», - деді Тамара Дүйсенова.
Үшінші – нысандардың қолжетімділігі немесе «кедергісіз» ортаны қамтамасыз ету.
Жергілікті жердегі нысандарды осы талапқа бейімдеу шараларына мониторинг жүргізу және бұл туралы ақпараттың мүгедектігі бар тұлғалар үшін қолжетімді болуы аса маңызды. Сондықтан, «Қолжетімді нысандардың интерактивті картасы» әзірленіп, тұрақты жұмыс жасап тұр. Бұл картаны жергілікті атқарушы органдар ұдайы толықтырып отырады.
Төртінші – арнайы әлеуметтік қызметтер нарығын кезең-кезеңмен либералдандыру жұмысы.
«Бүгінде осы нарықта жеке, мемлекеттік және үкіметтік емес сектордың 900-ге жуық ұйымы бар. Олар «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңмен бекітілген кепілді мемлекеттік қызметтің 8 түрін көрсетеді.
Министр бұл қызметтердің қалалар мен облыс орталықтарында ғана көрсетілетінін атап өтті. Ауылдарда тұратын мүгедектігі бар азаматтардың 45%-дан астамы жергілікті бөлімшелер үйде ұсынатын жалпы әлеуметтік жәрдемге ғана қол жеткізе алады. Көп жағдайда оңалу әлеуеті жеткілікті екеніне қарамастан, мүгедектігі бар адамдар облыс орталықтарында немесе басқа өңірлерде орналасқан интернатқа жіберіледі. Сондықтан мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігін пайдалана отырып, мүгедектігі бар азаматтар тұратын жерлерде сыйымдылығы шағын үйлер ашылады.
- үгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
«Бүгінде мүгедектігі бар 100 мың азамат жұмыс істеп жүр. Бұл – еңбек жасындағы мүгедектігі бар адамдардың төрттен бірі ғана деген сөз.
Адамның қай топтағы мүгедек екені оның жұмысқа қабілеттілігінің немесе қабілетсіздігінің көрсеткіші болып саналмайды. Мүгедектігі бар 200 мыңнан астам адамның қалыпты жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндігі бар, қалғаны арнайы жағдай жасалса жұмыс істей алады. Егер мемлекеттің міндеті «еңбекке қабілетті барлық азаматты нәтижелі жұмыспен қамту үшін оларға бастапқыда тең жағдай жасау» десек, осы қағидат мүгедектігі бар адамдарға да қатысты болуға тиіс», - деді министр.
Тамара Дүйсенова Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында мүгедектігі бар 9 мың адамды жұмысқа орналастыру көзделгенін, бүгінде олардың 3 мыңға жуығы тұрақты жұмыспен қамтылғанын айтты.
Электрондық еңбек биржасында мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын Кәсіптер мен оқулардың атласы бар. Онда мүгедектігі бар адамдар істей алатын 5 мыңнан астам бос жұмыс орны көрсетілген.
Мемлекет тарапынан мұндай санаттағы азаматтар үшін субсидия берілетін әлеуметтік жұмыс орындарын қайта бағдарлау процесі басталды. Бүгінде сол арқылы 6 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты.
Мүгедектігі бар адамдар үшін жаңадан арнайы жұмыс орындарын ашатын жұмыс берушілерді субсидиялау бойынша шаралар қабылданды. Тек биылдың өзінде осы мақсатқа бюджеттен 59 миллион теңге бөлінді.
Мүгедектігі бар адамдардың және осал топтардың басқа да санатына кіретін азаматтардың кәсіпкерлік бастамасын қолдау үшін 10 мың грант қарастырылған. Грант мөлшері 1,2 миллион теңгеге дейін ұлғайды.
«Мүгедектігі бар адамдардың қажетті дағдысы, машығы мен білімі жоқтығы оларды жұмысқа орналастыруға басты кедергі болып отырғанын мойындаған жөн.
Осыған байланысты, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп білім беру бағдарламаларын, әсіресе үйде оқыту бағдарламаларын қайта қарау бойынша шаралар қабылданатын болады», - деді Тамара Дүйсенова.
Бесінші – әлеуметтік қолдау.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдаудың кешенді жүйесі мыналардан тұрады:
- Әлеуметтік қамсыздандырудың үш деңгейлі жүйесі. Бүгінде осы үш көзден берілетін жиынтық төлемді 530 мыңға жуық адам алып отыр.
- Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі. Бұл бағыт бойынша мүгедектігі бар 87 мың адамға мемлекеттің кепілдірілген арнайы әлеуметтік қызмет көрсетілуде;
- Техникалық құралдармен 181 мың адам қамтамасыз етілді;
- 4 мыңға жуық мүгедектігі бар азаматқа атаулы әлеуметтік көмек қарастырылды.
Биыл мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Сөзінің соңында Тамара Дүйсенова бұл шаралардың Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан Әлеуметтік қамсыздандыруды одан әрі жаңғыртудың ұлттық жоспарында қамтылатынын атап өтті. Оны жүзеге асыруға әлеуметтік серіктестерді, мүгедектігі бар адамдарды және олардың отбасы мүшелерін өз ынтасымен қатыстыру көзделген. Жоспар белгіленген кестеге сәйкес алдағы қыркүйек айында Үкіметке енгізіледі.
- 05.07.2022
- 249