- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Т. Дүйсенова, С. Шәпкенов және К. Лайон Теңізде жұмыстан босатылатын қызметкерлерді жұмысқа орналастыру жөніндегі жол картасына қол қойды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың Атырау облысына жұмыс сапары аясында «Теңізшевройл» ЖШС (бұдан әрі – ТШО) базасында мердігерлік ұйымдардың қызметкерлерін жұмыстан босату және жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов және «Теңізшевройл» ЖШС Бас директоры Кевин Лайон ТШО-ны Келешекте кеңейту жобасының және 2022-2023 жылдарға арналған Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасының (бұдан әрі - ККЖ-ҰЕҚБЖ) қызметкерлерін жұмыстан жоспарлы түрде босату және оларды жұмыспен қамтуды мониторингілеу жөніндегі іс-шаралардың жол картасына қол қойды.
Министрлік бастамасымен ұйымдастырылған кеңес барысында ТШО-ның Келешекте кеңейту жобасы мен Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасы құрылысының аяқталуына байланысты мердігерлік ұйымдардың қызметкерлерін жұмыстан босату жөніндегі болжамдары талқыланды. Сондай-ақ оларды жұмысқа орналастырудың негізгі тәсілдері айқындалды.
Министр жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің назарын босатылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша жұмысты күшейту қажеттігіне аударды.
«Бүгінгі таңда 7,6 мыңнан астам қызметкер жұмыстан босатылған, оның ішінде 1,1 мыңы ТШО ішінде, 449-ы компаниядан тыс жерлерде жұмысқа орналастырылды. Электрондық еңбек биржасында бос жұмыс орындары бола тұра, жергілікті атқарушы органдардың жұмыстан босатылған қызметкерлерін жұмысқа орналастыру деңгейінің төмендігін атап өткім келеді. Қазіргі уақытта Электрондық еңбек биржасында 108 мың бос жұмыс орны өзекті, оның ішінде іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде 10,4 мың бос жұмыс орны, оның ішінде 12 және 25% - ы техникалық мамандықтар. Әкімдік жұмыстан босатылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша жұмысты жандандыруы қажет», – деді Тамара Дүйсенова.
Ол сондай-ақ Келешекте кеңейту жобасы мен Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасы қызметкерлерінің жұмыстан босатылуын және олардың жұмысқа орналасуын мониторингілеу мақсатында министрліктің арнайы Жол картасы әзірленгенін, онда министрліктің, өңірлер әкімдіктерінің ТШО-мен және қосалқы мердігер ұйымдармен өзара іс-қимылының нақты алгоритмі көзделгенін хабарлады.
«Бұл процестің барлық қатысушылары қазіргі мәселелерді өз деңгейінде жедел және нақты пысықтауы өте маңызды. Жұмыстан босатылған көптеген қызметкерлер Атырау облысына басқа өңірлерден келген, сондықтан ТШО ішінде жұмысқа орналаспағандарды әкімдіктер жергілікті жерлерде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тартуы қажет», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Серік Шәпкенов жұмыстан босатылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың табысын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берген. Сол себепті ТШО мен оның мердігер компанияларынан жоспарлы түрде босатылған азаматарды жаңа жұмыспен қамту бағытында жоспарларды жүзеге асырамыз. Қазіргі уақытта Атырау облысында жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен бірге өңірдің Кешенді даму жоспары аясында нақты жобалар қолға алынады. Сондықтан жұмыстан босатылған азаматтарды осы жаңа жобалар аясында жұмыспен қамтуды жалғастырамыз», – деді Атырау облысының басшысы.
Өз кезегінде Кевин Лайон ТШО-ның жол картасы бойынша мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін және Қазақстанның Келешекте кеңейту жобасы мен Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасын іске асыру кезеңінде алған мультипликативті әсерін атап өтті.
«Теңізшевройл» кәсіпорны Атырау облысының әкімдігімен, ҚР-ның Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлескен жұмысты бағалайды. Біз түрлі жұмыстардың аяқталуына орай, ККЖ-ҰЕҚБЖ-ның жүзеге асу барысына бірлесе мониторинг жүргіземіз. Қазіргі уақытта жобаның 93%-ы орындалды. Жоба басталғалы бері ТШО жергілікті мамандарды оқытып, біліктілігін арттырды, ол 25 000-нан астам болашақта елдегі және шетелдегі өнеркәсіп жобаларында тәжірибесі мен білімін қолдана алатын қазакстандық мамандар. Сондай-ақ, жоба халықаралық компаниялармен серіктестік арқылы технологияларды таратуға және өңірдегі жаңғыртылған инфрақұрылым түрінде мұра қалыптастыруға үлесін қосты», – деді ол.
Тараптар қол қойған Жол картасында көзделген өзара іс-қимыл алгоритміне сәйкес, ТШО тоқсан сайын ЕХӘҚМ-ге және өңірлердің әкімдіктеріне кәсіптер мен өңірлер бөлінісінде мердігерлік/қосалқы мердігерлік ұйымдар қызметкерлерінің жұмыстан босатылуы туралы ақпаратты ұсынады, сондай-ақ Электрондық еңбек биржасына орналастырады.
Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар жұмыстан босатылған қызметкерлерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту бойынша міндеттемелерді өзіне алады, оның ішінде: қысқа мерзімді оқуға жіберу, субсидияланатын жұмыс орындарына және Ұлттық жобалар шеңберінде іске асырылатын жобаларға жұмысқа орналастыру, гранттар мен микрокредиттер беру.
ЕХӘҚМ ТШО қызметкерлерін жұмыстан босату және нақты жұмысқа орналастыру мониторингін жүзеге асырады, жұмыстан босатылатын қызметкерлер үшін бос жұмыс орындарының онлайн-жәрмеңкелерін ұйымдастырады, жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындауды қамтамасыз етеді.
- 19.07.2022
- 244