- Блогтар
- Нұртлеу М.Ә.
Нұртлеу М.Ә.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі
Қазақстан СІМ ресми өкілінің брифингі
Қазақстан СІМ ресми өкілі А.С. Смадияровтың брифингі, Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 5 қыркүйек
Мазмұны:
1) АҚШ конгрессмендерінің Қазақстанға сапары туралы;
2) Түрікменстан Сыртқы істер министрі орынбасарының Қазақстанға сапары туралы;
3) ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің Сауд Арабиясындағы Орталық Азия және Парсы шығанағы СІМ басшыларының диалог алаңының бірінші отырысына қатысуы туралы;
4) Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-герман үкіметаралық жұмыс тобының отырысы туралы;
5) Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне дайындық туралы;
6) Рим Папасының Нұр-Сұлтанға алдағы сапарына дайындық туралы;
7) Нью-Йорктегі Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі пленарлық отырысы туралы;
8) Қазақстан мен Бангладеш арасындағы алғашқы консулдық консультациялар туралы;
9) Қазақстанның Пәкістанға гуманитарлық көмек көрсетуі туралы;
10) Қазақстандық студенттер үшін итальяндық визаларды ресімдеу мәселелері туралы.
- АҚШ конгрессмендерінің Қазақстанға сапары туралы;
Ағымдағы жылғы 29 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында АҚШ Конгресі делегациясының Қазақстанға сапары өтті. Америкалық конгрессмендер Джеймс Панетта мен Томас Суоззиді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қабылдады.
Қазақстан СІМ басшылығымен кездесу барысында екіжақты саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Қазақстанның АҚШ-пен кеңейтілген стратегиялық әріптестікті нығайтуға бейілділігі расталды, экономикамыздың жетекші инвесторлары қатарындағы американдық капиталдың рөлі және экономикалық әртараптандыру саясаты шеңберінде экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастықтың белсенді дамуы атап өтілді.
Сапар аясында конгрессмендер Алматы және Түркістан қалаларына барып, өңірлер әкімдіктерінің басшылығымен кездесулер өткізіп, мәдени объектілерімен танысты.
- Түрікменстан Сыртқы істер министрі орынбасарының Қазақстанға сапары туралы;
2 қыркүйекте Түрікменстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Бердынияз Мятиевтің Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапары өтті. Оның шеңберінде Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қонысбаевпен келіссөздер жүргізілді.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы қазандағы Түрікменстанға мемлекеттік сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру, сондай-ақ түрікмен тарапының 2022 жылғы қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін халықаралық іс-шараларға – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК), Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) және «Орталық Азия – Ресей» саммиттеріне қатысуына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сапар қорытындысы бойынша екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға бағытталған сыртқы саяси ведомстволар желісі бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
- ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің Сауд Арабиясындағы Орталық Азия және Парсы шығанағы СІМ басшыларының диалог алаңының бірінші отырысына қатысуы туралы;
Ү.ж. 6-8 қыркүйек аралығында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Эр-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы Корольдігі) жұмыс сапарымен болады. Сапар барысында Министр Сауд Арабиясы Корольдігі, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн Мемлекеті, Оман Сұлтандығы, Катар Мемлекеті және Кувейт Мемлекеті кіретін «Орталық Азия елдерінің және Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің» бірінші министрлік кездесуіне қатысады.
Іс-шара аясында қатысушылар өзара іс-қимылдың түрлі салаларындағы өңіраралық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылайды. Оның қорытындысы бойынша саясат пен қауіпсіздік, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, БАҚ және әлеуметтік мәселелер, жастар мен спорт, көлік, су ресурстары және энергетика сияқты салаларды қамтитын 2023-2026 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын қабылдау жоспарлануда.
Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы басшысының Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрімен және араб елдерінің бірқатар жетекші компанияларының өкілдерімен кездесулері жоспарланған.
- Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-герман үкіметаралық жұмыс тобының отырысы туралы;
Бүгін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-герман үкіметаралық жұмыс тобының 13-ші отырысы өтеді. Қазақстандық делегацияны ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров, ал Германияның делегациясын Экономика және климатты қорғау федералдық министрлігінің сыртқы экономикалық саясат мәселелері жөніндегі директоры Доминик Шнихельс басқарады. Отырыс барысында тараптар шикізат ынтымақтастығы, энергетика, өнеркәсіп және арнайы экономикалық аймақ, ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі, көлік-логистика саласы, білім беру, ғылым және техникалық кадрларды даярлау, сондай-ақ Қазақстандағы неміс компанияларының қатысуын кеңейту сияқты екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың нақты тақырыптық блоктарын қарайды. Шикізат, өнеркәсіп және технологиялық салалардағы әріптестік туралы үкіметаралық келісімді іс жүзінде толықтыру мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.
- Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне дайындық туралы;
Үстіміздегі жылғы 14-15 қыркүйекте Дәстүрлі және әлемдік діндер лидерлерінің VII съезін өткізу жоспарланып отыр. Съезд шеңберінде әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм, сондай-ақ саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері және т.б. қатысады деп күтілуде.
Осы Съездің тақырыбы «Әлемдік және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы рөлі» ретінде белгіленді. Оның аясында діндердің рухани және адамгершілік құндылықтарды нығайтудағы, білім беру мен дінтанудың діндердің бейбіт өмір сүруіне ықпал етудегі, әсіресе діни негіздегі экстремизмге, радикализмге және терроризмге қарсы іс-қимылдағы рөлі және әйелдердің қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі туралы мәселелерді қамтитын төрт секциялық отырыс ұйымдастырылады.
Алдағы діни форумның ерекшелігі Рим Папасы Франциск, әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы Теофил III, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері болады.
Биылғы жылы Съезге қатысушылардың барынша жайлы болуы үшін өтетін орны Тәуелсіздік сарайы белгіленді. Сарайдың орналасу орны қазақстандық, сондай-ақ шетелдік БАҚ үшін кең баспасөз орталығын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда аталған іс-шараға 60 шетелдік БАҚ-тың 230-дан астам өкілі аккредиттелді. Сонымен қатар, VII Съезге, сондай-ақ Рим Папасының сапарына шетелдік журналистерді аккредиттеудің жабылғаны туралы хабарлаймыз.
- Рим Папасының Нұр-Сұлтанға алдағы сапарына дайындық туралы;
Жоғарыда айтылғандай, 2022 жылғы 13-14 қыркүйекте Рим Папасы Францисктің Қазақстанға мемлекеттік сапары өтеді. Сапар аясында Понтификтің Мемлекет басшысымен кездесуі (13 қыркүйек), Қазақстан жұртшылығы мен дипломатиялық корпус алдында сөз сөйлеуі (13 қыркүйек, «Қазақстан» орталық концерт залы), Мессасы (14 қыркүйек, ЭКСПО аумағы), сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне (14-15 қыркүйек) қатысу жоспарлануда. Қазақстанға әлемнің түрлі елдерінен 3000-ға жуық қажылар келеді деп күтілуде.
Католик Шіркеуінің Басшысы Қазақстанға екінші рет келіп отырғанын атап өтеміз. Рим Папасы Францисктің елімізге мемлекеттік сапары Рим Папасы Иоанн Павел II Қазақстанға 2001 жылы келгеннен кейін алғаш рет өтеді. Бұл Қасиетті Тақтың Қазақстанның әлемдік аренадағы, және бірінші кезекте, бейбітшілік жолындағы диалогты нығайту ісіндегі маңызды рөлін мойындағанын айғақтайды.
- Нью-Йорктегі Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі пленарлық отырысы туралы;
Ү.ж. 7 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында 2009 жылы БҰҰ-да Қазақстанның бастамасымен бекітілген Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған БҰҰ Бас Ассамблеясының жоғары деңгейдегі пленарлық отырысы өтеді.
Отырысты БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Абдулла Шахид шақырып, ол БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – Қарусыздандыру мәселелері жөніндегі Жоғары өкілі Изуми Накамицудің, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Роберт Флойдтың, БҰҰ жанындағы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Нью-Йорктегі офис басшылығының, сондай-ақ БҰҰ-ның азаматтық қоғам мен мүше мемлекеттер өкілдерінің қатысуымен өтеді.
- Қазақстан мен Бангладеш арасындағы алғашқы консулдық консультациялар туралы;
Бүгін Қазақстан Республикасы мен Бангладеш Халық Республикасы арасында алғашқы консулдық консультациялар өтеді. Қазақстандық тарапты ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Ақатаев, ал Бангладеш делегациясын Шығыс Еуропа және ТМД елдері департаментінің бас директоры Сикдер Бодыразаман басқарады.
Тараптар дипломатиялық және қызметтік/ресми паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы үкіметаралық келісімге тез арада қол қою арқылы екіжақты форматтағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылайды.
- Қазақстанның Пәкістанға гуманитарлық көмек көрсетуі туралы;
Пәкістан Ислам Республикасының бірқатар провинциялары екі ай бойы үздіксіз нөсер жаңбыр салдарынан су тасқынына ұшырауда, елде көптеген ғимараттар жойылып, адам өліміне әкеліп соқты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы алғашқылардың бірі болып Пәкістан Ислам Республикасына жаңбыр мен су тасқынының салдарын жою үшін 400 мың АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Қазақстан осындай төтенше жағдай кезінде зардап шеккендердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады және елдегі жағдайдың тезірек тұрақтануына үміттенеді.
- Қазақстандық студенттер үшін итальяндық визаларды ресімдеу мәселелері туралы.
1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес, шет мемлекеттердің ұлттық визаларын ресімдеу мәселелері әрбір елдің ішкі заңнамасымен реттеледі және әрбір мемлекеттің айрықша құзыреті болып табылады. Ұлттық визаларды ресімдеу жөніндегі құжаттар осы мемлекеттің құзыретті органдарымен қаралады және келісіледі, сондай-ақ Шенген кеңістігі мемлекеттерінің бірыңғай базасы арқылы өңделеді.
Халықаралық тәжірибеге сәйкес, шет мемлекеттің виза беруден бас тартатын консулдық мекемесі өтініш берушіге және үшінші тұлғаларға бас тарту себебін хабарламауға да құқылы. Қазіргі уақытта Қазақстанда аккредиттелген бірқатар шетелдік дипломатиялық өкілдіктерде визаларды ресімдеу және беру мәселелері олардың елдерінде COVID-19-ға байланысты енгізілген карантиндік шараларды ескере отырып қаралуда.
Жалпы, көші-қон ережелерінің қатаңдатылуын ескере отырып, Италия елшілігінің консулдық бөлімі Италияның көші-қон қызметтерімен бірлесіп, студенттердің 22 құжаттан тұратын әрбір өтінімін мұқият тексеруге мәжбүр, ал бұл өтініштерді өңдеу процесіне әсерін тигізеді. Осыған байланысты студенттерге виза алу үшін құжаттарды ертерек тапсыру қажеттігіне назар аударамыз.
Сонымен қатар, бұл мәселе ҚР СІМ басшылығының бақылауында екенін хабарлаймыз. Қазақстандағы Италия елшісімен және консулымен тиісті кездесулер өткізілді. Олардың ақпараты бойынша, виза беруді кешіктірудің негізгі себебі соңғы айларда келіп түскен өтініштер санының артуы болып табылады, ай сайын консулдық бөлім 3000-ға жуық визаларды өңдейді және береді. Итальяндық дипломаттар бұл мәселені шешіп, виза рәсімдейтін қызметкерлер санын 2 есеге көбейтті деп сендірді.
- 06.09.2022
- 224