- Блогтар
- Сатыбалды Д. А.
Сатыбалды Д. А.
Түркістан облысының әкімі
Мемлекет басшысы Түркістан облысын дамыту жұмыстары жалғасатынын жеткізді
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістан өңіріне жұмыс сапарымен келді. Халықаралық әуежайдың жұмысымен танысқан Президент Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Кесененің жай-күйімен танысып, нысанның дұрыс қорғалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы сапар барысында түркістандықтармен кездесіп, ой бөлісті. Кездесуде «Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті», – деген Президент Түркістан қаласының ел тарихында ерекше орын алатынын атап өтті.
Былтыр Түркістан қаласына «Түркі әлемінің рухани астанасы» деген мәртебе берілген болатын. Осындай мәртебе лайықты болу мақсатында тоқтаусыз жұмыстар жүруде. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз», – деді.
Түркістан күн санап көркейіп келеді. Түркістанға тартылған инвестиция көлемі 8 есе артқан. 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынған. Сонымен қатар шаһар жасыл-желекке оранып, экологиясы жақсарған. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келген. Кейінгі үш жылда аймақтағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы 1,5 есе өскен. Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған. Осы деректерге тоқталған Мемлекет басшысы жүйелі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев түркістандықтармен кездесуде еліміздің сыртқы саясаттағы күрделі оқиғаларға қатысты еліміздің ұстанымына, Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған мәселелерге тоқталды. Жиын соңында бірқатар еңбек ардагерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.
- 27.09.2022
- 200