- Блогтар
- Нұртлеу М.Ә.
Нұртлеу М.Ә.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі
Қазақстан СІМ ресми өкілінің брифингі, Астана, 2022 жылғы 10 қазан
Мазмұны:
1) Қатар Әмірінің Қазақстанға мемлекеттік сапары туралы;
2) Түркия Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары туралы;
3) Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VI саммиті туралы;
4) ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы туралы;
5) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) Мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы туралы;
6) «Орталық Азия – Ресей» саммиті туралы;
7) Түрікменстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары туралы;
8) Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Түркі мемлекеттері ұйымының СІМК-не қатысуы туралы;
9) Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Тәжікстандағы халықаралық конференцияға қатысуы туралы;
10) Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы туралы.
Құрметті әріптестер, осы аптада Қазақстан астанасында жоғары және аса жоғары деңгейдегі бірқатар халықаралық іс-шаралар өтеді.
Ағымдағы жылдың 12-13 қазанында өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне 11 мемлекет басшысы (Әзербайжан, Ирак, Иран, Қатар, Қырғызстан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан), 1 вице-президент (Вьетнам), 1 төрағаның орынбасары (Қытай) және 5 министр қатысады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске бақылаушы мемлекет ретінде Беларусь президенті де саммитке қатысады.
Бұған қоса, Қатар Әмірінің, Түркия мен Түрікменстан президенттерінің Қазақстанға 3 мемлекеттік сапары жоспарлануда.
- Қатар Әмірінің Қазақстанға мемлекеттік сапары туралы
Ү.ж. 12 қазанда Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл-Танидің Астана қаласына мемлекеттік сапары өтеді.
Сапар барысында Қатар Әмірінің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуі жоспарланған. Келіссөздерде өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, тараптар екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылайды.
Сапар аясында екі елдің ірі компанияларының қатысуымен инвестициялық форум өтеді.
Бұған қоса, Қатар Әмірі Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі VI саммитке қатысады.
2. Түркия Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары туралы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған ү.ж. 12-13 қазанда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.
Сапар аясында ү.ж. 12 қазанда екі мемлекет басшыларының екіжақты кездесуі, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары деңгейдегі Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-ші отырысы өтеді.
Келіссөздер барысында өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, тараптар екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылайды.
Түркия Республикасының басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне де қатысады.
3. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VI саммиті туралы
Ағымдағы жылдың 12-13 қазанында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VI саммиті өтеді.
Жоғары деңгейдегі кездесу Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі шақыру туралы бастаманың 30 жылдығына орайластырылады және Қазақстанның төрағалығымен өтеді.
Іс-шараға мүше мемлекеттердің, байқаушы мемлекеттердің, байқаушы ұйымдардың, серіктес ұйымдардың бірінші басшылары, сондай-ақ Қазақстан тарапының қонақтары шақырылды.
Барлығы 50-ге жуық делегация келеді деп күтілуде.
Азия Кеңесінің саммиті пандемиядан кейінгі кезеңде Қазақстанда ғана емес, жалпы континентте де аса ауқымды сыртқы саяси оқиғалардың біріне айналады деп айтуға болады.
Алдағы Саммит қазақстандық төрағалықтың басты іс-шарасы, оның ішінде біздің төраға ретіндегі екі жылдық жұмысымызды қорытындылаймыз.
Саммит барысында бірқатар құжаттар мен шешімдер қабылдау жоспарлануда.
Іс-шараны дайындау шеңберінде Астана қаласында ү.ж. 10-11 қазанда өтетін Азия Кеңесі Аға лауазымды тұлғалар комитетінің отырысын өткізу көзделген.
Азия Кеңесінің бастамасын Қазақстан 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында алға тартты.
Қызметтің негізгі мақсаты мен бағыты Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің көпжақты тәсілдерін әзірлеу арқылы ынтымақтастықты нығайту.
Өткен 30 жыл ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі Азия континентінде тұрақтылық пен өркендеуді нығайтудың көпжақты тетігі ретінде іске асырылғанын атап өткім келеді.
Құрылған сәттен бастап Азия Кеңесінің құрамы 27 мүше мемлекетке дейін ұлғайып, Азия құрлығының 90% қамтиды.
Мүше мемлекеттер: Әзербайжан, Ауғанстан, Бангладеш, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам, Израиль, Иордания, Ирак, Иран, Қазақстан, Камбоджа, Қатар, Корея Республикасы, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Мысыр, Өзбекстан, Пәкістан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Таиланд, Үндістан, Шри-Ланка.
4. ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы туралы
Дәстүр бойынша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Саммиті қарсаңында ү.ж. 12 қазанда Астанада Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің төрағалығымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтеді.
Іс-шараға қатысушылар өңірлік және халықаралық күн тәртібі, сыртқы саяси ведомстволар желісі бойынша ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылайды.
ТМД сыртқы істер министрлері алдағы ТМД саммитіне, сондай-ақ ү.ж. 28 қазанда Астана қаласында жоспарланған ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысына қол қоюға шығарылатын құжаттардың жобаларын қарайды деп жоспарлануда.
5. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) Мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы туралы
Қазақстан Республикасының Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы ағымдағы төрағалығы шеңберінде ү.ж. 14 қазанда Астана қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ТМД мемлекеттері басшыларының саммиті өтеді.
ТМД мемлекеттер басшыларының кеңесі – Достастықтың жоғары органы, онда ұйым қызметінің негізгі мәселелері талқыланады және шешіледі.
ТМД саммиті Қазақстанның осы ұйымға төрағалық етуі аясындағы басты оқиғалардың бірі болмақ.
Бұл маңызды іс-шараға пандемиядан кейінгі кезеңде алғаш рет офлайн режимде ТМД-ға қатысушы барлық мемлекеттердің басшылары қатысады.
Іс-шараға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан басшылары, сондай-ақ Атқару комитетінің төрағасы - ТМД Атқарушы хатшысы қатысады деп күтілуде.
Саммитте соңғы жылдары ТМД желісі бойынша іс-шараларға қатысуды тоқтатқан Украина өкілі болмайды. Сондай-ақ, Молдова басшысы жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты қатыса алмайды.
Іс-шара барысында Достастық алаңындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылау, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы интеграциялық байланыстарды одан әрі дамытуға және нығайтуға бағытталған бірқатар құжаттарды қарау және қабылдау жоспарлануда.
Атап айтқанда, қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мақсатында мемлекет басшылары 2023-2025 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастықтың кезекті бағдарламасын бекітеді.
Интеграциялық өзара іс-қимылдағы мәдени құрамдас бөліктің ерекше рөлі тұрғысынан мемлекет басшылары Қазақстан Республикасының бастамасы бойынша мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдеме қабылдауды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, сайлау органдарының желісі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара іс-қимылды көздейтін бірқатар халықаралық шарттарға қол қойылады.
Сонымен қатар, саммитте 2023 жылы ТМД-ға төрағалық етуді Қырғыз Республикасына тапсыру және Бішкек қаласында мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысын өткізу туралы шешім қабылдау жоспарлануда.
Мемлекет басшысы еліміздің ТМД-ға төрағалығын қорытындылайды деп күтілуде.
6. «Орталық Азия – Ресей» саммиті туралы
Ағымдағы жылдың 14 қазанында Астанада «Орталық Азия-Ресей» саммиті өтеді. Жоғары деңгейдегі кездесу барысында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ресей президенттері алты жақты форматтағы ынтымақтастықтың келешегін талқылайды.
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдемесін қабылдау жоспарлануда, онда Еуразиялық кеңістіктегі өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелері көрсетіледі.
Сондай-ақ қорытынды құжатта саясат пен қауіпсіздік, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық сияқты салалардағы одан әрі өзара іс-қимылдың перспективалары атап өтілетін болады.
7. Түрікменстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары туралы
Мемлекет басшысының шақыруымен ү.ж. 15 қазанда Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтың Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары өтеді. Сапар екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толған жылы өтеді.
Бұл сапар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты, сондай-ақ қазақ-түрікмен стратегиялық әріптестігін арттыруға бағытталған.
Сапар барысында тараптар кең ауқымды мәселелерді, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауды жоспарлап отыр.
Іс-шара қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарлануда.
8. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Түркі мемлекеттері ұйымының СІМК-не қатысуы туралы
Ү.ж. 17 қазанда Ыстамбұл қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысына қатысады.
Іс-шара барысында ағымдағы жылдың қарашасында Самарқанд қаласында жоспарланған Ұйым мемлекеттері басшыларының саммитіне дайындық мәселелерін қарау және саммит барысында қол қойылатын құжаттардың жобаларын түпкілікті келісу күтілуде.
Түркі мемлекеттерінің ұйымы (ТМҰ) Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы Нахчыван қаласында (Әзербайжан) құрылды. ТМҰ хатшылығы Ыстамбұл қаласында (Түркия) орналасқан. Қазіргі уақытта ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Мажарстан мен Түрікменстанның бақылаушы мәртебесі бар.
9. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Тәжікстандағы халықаралық конференцияға қатысуы туралы
Ү.ж. 18-19 қазанда Душанбе қаласында «Терроризмге қарсы күрес және террористердің трансшекаралық қозғалысын болдырмау мақсатында шекара қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық және өңірлік ынтымақтастық» тақырыбындағы жоғары деңгейдегі халықаралық конференция өтеді.
Конференция ресми ашылу салтанатында қазақстандық делегацияның басшысы, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді сөз сөйлеу жоспарлануда.
Іс-шараның негізгі мақсаты – шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету, террористер мен террористік топтардың қозғалысына жол бермеу, маңызды мәселелер бойынша ынтымақтастықты дамыту.
Бұл екі күндік конференцияны Тәжікстан Үкіметі, БҰҰ-ның Контртеррористік басқармасы (БҰҰ КТБ), БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивтік дипломатиясының өңірлік орталығы, Еуропалық одақ (ЕО), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), сондай-ақ Сауд Арабиясы Корольдігі және Қатар Мемлекеті бірлесіп ұйымдастырады.
10. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы туралы
Ағымдағы жылдың 15 қазанында Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы дипломатиялық қатынастар орнағанына 30 жыл толуын атап өтеді.
Осы үш онжылдықта біздің елдеріміз арасында 160-тан астам құжатқа қол қойылды, олардың ішіндегі ең маңыздысы - 1994 жылғы 8 сәуірдегі Мәңгілік достық туралы шарт және 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Одақтастық қатынастар туралы шарт.
Екіжақты байланыстардың жай-күйі мен перспективалары екі елдің мемлекет басшылары, үкіметтері мен сыртқы саяси ведомстволары деңгейінде үнемі талқыланады.
Біздің елдеріміз көптеген халықаралық ұйымдар шеңберінде тығыз өзара іс-қимыл жасайды.
Қырғызстан біз үшін аймақтағы негізгі саяси және экономикалық серіктестердің бірі. Қазақстан өзара іс-қимылдың барлық аспектілері бойынша Қырғыз Республикасымен көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ұмтылады.
- 11.10.2022
- 253