- Блогтар
- Қарабаев М. К.
- Өтініш
Қарабаев М. К.
ҚР Көлік министрі
МЫРЗАШӨЛ ЖӘНЕ ШАРДАРА ӨҢІРЛЕРІНІҢ 500 МЫҢ ХАЛҚЫН ЕЛІМІЗДІҢ ҚИЫР ТҮКПІРІНДЕ, ӨРКЕНИЕТТЕН ҚАШЫҚТА ҚАЛДЫРМАЙЫҚ! Түркістан облысын екіге бөліп, Мырзашөл, Шардара және Сарыағаш өңірлеріндегі аудандардан еліміздің 15-ші жаңа Оңтүстік Қазақстан облысын құруды ұсынамын. 2018 жылғы 1 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілуіне және Түркістан облысының құрылуына байланысты Парламенттің қарауына қайта құрылған әкімшілік-аумақтық бірліктердің толыққанды жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған заң жобалары енгізілетінін және олардың шұғыл қаралып, қабылдануы керектігін айтты. Осыған орай, Елбасымыздың атына жазылған Түркістан облысын екіге бөліп, Мырзашөл, Шардара және Сарыағаш өңірлеріндегі аудандардан еліміздің 15-ші жаңа Оңтүстік Қазақстан облысын құру туралы ұсынысымды әлеуметтік желі арқылы жариялауды жөн отырмын. Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 маусымдағы № 698 «Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында мынадай: 1) Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданын бөлу жолымен əкімшілік орталығы Жетісай қаласында болатын Жетісай ауданы, əкімшілік орталығы Мырзакент кентінде болатын Мақтаарал ауданы; 2) Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданын бөлу жолымен əкімшілік орталығы Сарыағаш қаласында болатын Сарыағаш ауданы, əкімшілік орталығы Абай ауылында болатын Келес ауданы əкімшілік-аумақтық бірліктері құрылғаны белгілі. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 маусымдағы № 702 «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіріліп, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп қайта аталды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 ақпандағы № 74 қаулысымен Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы бекітілген. Үкіметіміз бекіткен Шымкент агломерациясының перспективалық экономикалық әсер ету және әлеуеттік даму аймағындағы елді мекендерінің ауданы: 1) Шымкент қаласы – 38244 га; 2) Сарыағаш қаласы – 2904 га; 3) Леңгір қаласы – 2047 га; 4) Арыс қаласы – 3327 га; 5) Арыс қаласының қалалық әкімшілігі – 8507 га; 6) Бәйдібек ауданы – 30853,3 га; 7) Қазығұрт ауданы – 39701 га; 8) Ордабасы ауданы – 19854 га; 9) Сайрам ауданы – 59067 га; 10) Сарыағаш ауданы – 15192 га; 11) Төлеби ауданы – 45912 га; 12) Түлкібас ауданы – 20550 га құрады. Шымкент агломерациясы елді мекендеріндегі жердің жалпы алаңы 286158,3 га құрайды. Жобалаудың есептік мерзіміне қарай Шымкент қаласын есепке алғанда қалалық және ауылдық елді мекендердің жалпы ауданы 291080,15 га құрайды. Сонымен бірге Үкіметіміз халықтың көші-қон ағынын ұстап қалу және агломерация өзегін «жеңілдету» үшін онда өңдеу өндірісі, қызмет көрсету саласы, туристік-рекреациялық кешен объектілерін дамыта отырып, негізгі жоспарлы осьтер бойынша тартылыс орталықтары және контрмагниттер сияқты агломерацияның ірі елді мекендерін дамыту ұсынылып отыр. Контрмагниттер рөлінде аудандардың мынадай әкімшілік орталықтары анықталды: 1) оңтүстік бағытында – Сарыағаш қаласы (рекреация, туризм, минералды су өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру); 2) батыс бағытында – Арыс қаласы – Қазақстанның ірі теміржол торабы; 3) шығыс бағытында – Т. Рысқұлов ауылы (құрылыс материалдарын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру); 4) елді мекендерді – серіктестерді / халықтың ішкі көші-қонының орталықтарын дамыту: Леңгір қаласы, Ақсу, Қазығұрт, Бадам, Темірлан, Төрткөл, Шаян ауылдары. Жоғарыда атап көрсетілген ресми құжаттан көріп отырғанымыздай, Үкіметіміз бекіткен Шымкент агломерациясының перспективалық экономикалық әсер ету және әлеуеттік даму аймағындағы елді мекендерінің аумақтарына қазіргі Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандары енгізілмеген. Біз Елбасымыздың бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысының орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру туралы шешімін жан-тәнімізбен қолдаймыз. Алайда жергілікті тұрғындар арасында «Еліміздің ең қиыр күнгей түкпіріндегі Мырзашөл өңірі мен Шардара ауданының халқы үшін облыс орталығының Түркістан қаласына көшірілуі қаншалықты тиімді?» деген сауалдың туындап отырғаны да өте орынды деп есептейміз. Кейбір деректер бойынша халқының саны 500 мың адамнан асып жығылатын Мырзашөл өңіріндегі қазіргі Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінен Шымкентке дейінгі қашықтық – 250 шақырым. Ал Түркістан қаласы Шымкенттен 170 шақырым қашықтықта орналасқан. Облыс орталығы Шымкенттен Түркістанға көшірілген соң қазақтың Мырзашөл өңіріндегі ағайындарымыз Түркістан облысының жаңа әкімшілік орталығына жету үшін 420 шақырымнан астам жол жүруіне тура келіп отыр. Ал жергілікті халықтың Мақтаарал және Жетісай аудандарынан Түркістан қаласына Шардара және Отырар аудандары мен Арыс қаласының аумақтары арқылы барып-келуіне мұндағы жергілікті маңызы бар жолдарымыз дайын ба? Мырзашөл өңірінде тұрып жатқан жергілікті тұрғындарды Сарыағаштан Түркістанға апаратын темір жол қатынасы, жолаушыларды тасымалдайтын пойыздардың жүру жағдайы қандай? Жоғарыда аталған Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарының халқы Түркістан облысының жаңадан бекітілген ресми әкімшілік орталығынан тым қашықта, өте алыс түкпірде қалып қойып отыр. Қазіргі таңда Мырзашөл өңірі халқының Түркістан облысының жаңа әкімшілік орталығына барып-келуі барынша қиындап кетті. Біздіңше, Үкіметіміз бен Түркістан облысының әкімдігі мәселенің осы жағын ойластырып, Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандары халқының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуын жақсарту жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдағаны дұрыс. Атап айтқанда, Үкіметіміз: - Түркістан қаласы мен Мырзакент кенті аралығындағы автожолды жедел түрде жөндеп, Шардара арқылы теміржол құрылысын қолға алғаны жөн; - Шардара және Жетісай қалалары, Асықата және Атакент кенттері арқылы өтетін Түркістан қаласы мен Мырзакент кенті аралығындағы инфрақұрылымды жақсартуы тиіс. Үкіметте Оңтүстік өңіріндегі Мырзакент, Атакент, Асықата кенттері мен Шардара қаласын дамыту жөнінде арнайы кеңес өткізгені дұрыс болар еді. Ресми мәліметтер бойынша бүгінде Мырзашөл өңіріндегі Атакент кентінде – 18 мыңнан астам, Мырзакент кентінде – 15 мыңға жуық, Асықата кентінде – 12 мыңнан астам халық тұрады. Осыған орай, «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңының 3-ші бабына сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға аумағында өнеркәсiп орындары, коммуналдық шаруашылық, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, оқу және мәдени-ағарту, емдеу мен сауда объектiлерiнiң дамыған желісi бар, халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын, халқының жалпы санының үштен екiсiнен астамын жұмысшылар, қызметшiлер және олардың отбасы мүшелерi құрайтын елдi мекендер жататынын ескере келіп, Мырзакент, Атакент және Асықата кенттеріне қала мәртебесі берілгені жөн. Бүгінде қайта қалпына келтірілген Мақтаарал және Жетісай аудандарының әкімдеріне еңбек күші мол Мырзашөл өңірінен еңбек күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне қоныстану бойынша жергілікті жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту; өңірдің халқын еліміздің солтүстік өңірлерінде шаруашылықпен айналысуға шақыру; осы аталған жұмыстарды жергілікті мәслихаттардың депутаттарымен бірлесе отырып жүзеге асыру туралы тапсырма берілген. Бірақ қарапайым халықты өздері өмір бойы тұрып келе жатқан жайма-шуақты Мырзашөл өңірінен саршұнақ аязды күндері көп Сарыарқа даласына көшіре салу оңай шаруа емес! Оның үстіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 тамыздағы № 501 қаулысымен 7 119 адамнан тұратын қоныс аударушыларды қабылдаудың 2018 жылға арналған өңірлік квотасы белгіленген. Ал Мырзашөл өңірінде тұрақты тұрып жатқан жергілікті халықтың саны бейресми деректер бойынша 500 мыңнан асып жығылады. Әрине, мүмкіндік болып, Үкімет тарапынан қажетті жағдай жасалып жатса, Мырзашөлдегі қалың қазақты Арқаға көшірген дұрыс! Алайда Мырзашөлдегі 500 мың тұрғынның барлығын бірдей еліміздің солтүстігіне көшіру мүмкін бе?! Біздіңше, қазіргі Түркістан облысын екіге бөліп, еліміздің ең қиыр күнгей тұсындағы және Сырдария өзенінің орта тұсындағы аудандар мен қалаларды біріктіріп, Қазақстанның 15-ші – Оңтүстік Қазақстан облысын ашқан өте орынды деп ойлаймыз. Түркістан облысының әкімшілік орталығы Түркістан қаласына көшірілуіне және Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызылуына байланысты қазақтың Мырзашөл өңірінің еліміз үшін саяси-экономикалық және стратегиялық тұрғыдан ерекше маңызы бар екенін ескере отырып, шекара маңындағы елді мекендерді жалпы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту және жергілікті тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатында «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңының негізінде қазіргі Мақтаарал, Жетісай, Шардара және оған іргелес жатқан басқа да қала, аудандарының негізінде өз алдына дербес Оңтүстік Қазақстан облысын құру қажет. Бүгінгі Түркістан облысынан енші алып өз алдына бөлек шығатын осы жаңа Оңтүстік Қазақстан облысының құрамына мына аудандар мен қалаларды енгізуге болар еді: - Қазығұрт ауданы (халқы 107 496 адам); - Сарыағаш ауданы (қайта қалпына келтірілген Келес ауданымен бірге – халқы 326 426 адам); - Мақтаарал ауданы (қайта қалпына келтірілген Жетісай ауданымен бірге – халқы 304 442 адам); - Шардара ауданы (халқы 78 614 адам); - Арыс қаласы (халқы 74 064 адам); Барлығы – 891 042 адам. Жаңадан құрылатын 15-ші облыстың әкімшілік орталығы ретінде Жетісай (халқы – 48750 адам) немесе Шардара (халқы – 30 500 адам) қалаларының бірін белгілеу жөн деп ойлаймыз. Сонда еліміз үшін ерекше стратегиялық саяси-әлеуметтік және экономикалық маңызы бар қиырдағы күнгей өңіріміздегі жалпы тұрғындарының саны 891 042 адам болатын жаңа 15-ші Оңтүстік Қазақстан облысы Қазақ елінің Өзбекстанмен шектесетін, ары қарай Тәжікстан және Ауғанстан мемлекеттеріне ұласатын шекаралық бөлігін мықты қорғаныс ретінде нықтап, бекемдеп тұратын еді. Сонда қазақтың Мырзашөл өңіріндегі ағайындарымыз Түркістан облысының жаңа әкімшілік орталығы Түркістан қаласына жету үшін 400 шақырымнан астам жол жүріп, қиналмас еді. Иә, Қазақстанның мемлекеттік шекара сызығын анықтау және белгілеу жұмыстары жүргізілген кезде Мақтаарал және Жетісай аудандары үш жағынан Өзбекстан аумағының қоршауында, ал төртінші тұсы Шардара су қоймасымен түйісетін тұйық жағдайда қалып қойғаны белгілі. Осылайша, бүгінде Мақтаарал және Жетісай аудандары Қазақстанның негізгі аумақтық жерінен түкпірде, басқа мемлекеттердің қоршауында, Тәжікстан мен Ауғанстанның шекараларына өте таяу жатқан жартылай анклав (жартылай эксклав) ахуалында жатқаны жергілікті халықты ерекше алаңдатып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың 16-18 қаңтарында Америка Құрама Штаттарында ресми сапары кезінде Қазақстан мен АҚШ «C5+1» диалогы сияқты өңірлік ынтымақтастық форматтарын пайдалану арқылы Орталық Азиядағы ортақ сын-қатерлерге төтеп беруге дайын екені, бұл ретте болашақта Ауғанстанның «C5+1» жобаларына қатысуы да құпталғаны белгілі. Осы кездесуде АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстанмен стратегиялық әріптестікте АҚШ пен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынасқа, Ауғанстандағы АҚШ әскеріне көрсетілетін көмекке ерекше назар аударған еді. Міне, АҚШ секілді әлемді билеген алпауыт мемлекет Орталық Азияға көзін тігіп отырған қазіргі күрделі халықаралық жағдайда, Өзбекстан мен Тәжікстанның, ары қарай Ауғанстанның иін тірескен тұсында, аумағы жағынан бар болғаны 176 мың гектар ғана болатын кіп-кішкентай жерде 500 мыңға жуық халық тұрып жатқан, тұрғындарының саны жағынан тұтас бір облысқа сай келетін Мырзашөл өңірі халқының еліміз бойынша ерекше мемлекеттік маңызы бар ірі экономикалық және мәдени орталықтарынан өте алыс түкпірде қалып қоюына жол беруге болмайды! Қорыта айтқанда, қазіргі күрделі халықаралық жағдайда, Өзбекстан мен Тәжікстанның, ары қарай Ауғанстанның иін тірескен тұсында, аумағы жағынан бар болғаны 176 мың гектар ғана болатын кіп-кішкентай жерде 500 мыңнан астам халық тұрып жатқан, тұрғындарының саны жағынан тұтас бір облысқа сай келетін Мырзашөл өңірі халқының еліміз бойынша ерекше мемлекеттік маңызы бар ірі экономикалық және мәдени орталықтарынан өте алыс түкпірде қалып қоюы айрықша алаңдатып отыр! Құрметпен, Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры. Астана қаласы. 010010, Астана қаласы, Кенен Әзірбаев көшесі, 6 үй, 91 пәтер. Байланыс телефоны: 8701 397 17 13
- Жақып Мырзантай
- Өңірлері
- 02.09.2018
- 1253
- Өтініш нөмірі 513661
Қасымбек Ж.М. 14.09.2018, 04:22
Құрметті Мырзантай Қожабайұлы! Хатыңызда көтерілген Мырзашөл, Шардара және Сарыағаш аудандары бойынша мәселе белгілі қолайсыздықтар туғызғанын түсіне отырып, жаңадан 15-ші облыс құру бойынша ұсынысыңыз Инвестициялар және даму министрлігінің құзыретіне кірмейтінін хабарлаймыз. Түркістан облысы әкімдігі өз тарапынан облыстағы автожол жағдайын жақсарту бойынша үлкен жұмыстар атқаруда, және облыс орталығы Түркістан қаласына ауысқаннан кейін де жұмыстар жалғасын табатынын айтамыз. Сонымен қатар, Министрлік пен Түркістан облысы әкімдігімен бірлесіп облыстағы автожол желісін дамытудағы жасалған жұмыстарды ескерген жөн. Облыс бойынша автомобиль жолдардың жалпы ұзындығы 6 769 км, соның ішінде республикалық маңызы бар 866 км автожол және жергілікті желі 5 903 км құрап, жақсы және қанағат жай-күйі – 64,4% құрайтынын хабарлаймыз. Ағымдағы жылы Министрліктен облысқа бөлінген нысаналы трансферттер мен облыстың бюджетінен бөлінген қаражатқа жергілікті 600 км автомобиль жолдары жөнделу көзделген. 2019 жылғы бюджет жобасында да облыстағы жергілікті автомобиль жолдарды реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу жоспарланғанын да айтып кеткен жөн. Сондай ақ, «Автомобиль жолдары туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдар жергілікті атқарушы органдардың қарамағында болғандықтан сол өңірдің жергілікті автомобиль жолдары бойынша толық ақпарат алу үшін Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына өтініш жолдауға болатынын хабарлаймыз.