- Блогтар
- Мәдиев Ж.Х.
Мәдиев Ж.Х.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
800 дана 5G базалық станциясы орнатылды! Мұндай цифрлар туралы айтқанда базалық станцияларды орнату оңай процесс сияқты көрінуі мүмкін
800 дана 5G базалық станциясы орнатылды! Мұндай цифрлар туралы айтқанда базалық станцияларды орнату оңай процесс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, сіз бір базалық станцияны орнату үшін 3 айдан 9 айға дейін уақыт кететінін білесіз бе?
Базалық станцияны орнату үшін байланыс операторы көптеген рұқсат құжатын алады. Ғимараттың төбесіне ең қарапайым базалық станцияны орнату үшін жалдау шарты, жобалау-сметалық құжаттама, СЭС рұқсаты және құрылыс аяқталғаннан кейін пайдалануға беру актісі қажет. Ал бір базалық станцияның құны шамамен 100 млн теңгені құрайды. Жыл соңына дейін ұялы байланыс операторлары республика бойынша 1 мыңнан астам базалық станция орнатады (ұялы байланыс операторларының есебінен).
Мысалы, көпқабатты үйдің төбесінде ең қарапайым базалық станцияны орнату процесі 2 аптаға дейін созылады, бірақ рұқсат құжаттарымен бірге бұл мерзім шамамен 3 айға созылуы мүмкін. Мұнара (вышка) орнату процесі әлдеқайда көп, яғни, 6 айдан 9 айға дейінгі уақытты алады. Телеком компаниялары пәтерлері базалық станцияға жақын орналасқан үй тұрғындарының қолтаңбаларын жинайды. Олар базалық станцияны орнатуға қарсы болмауы керек. Кейбір үйлерде радиофобтар тұратынын және олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін ескерсек, бұл да белгілі бір уақытты алатын процесс.
Шын мәнінде, базалық станцияларды орнату процесін жеделдету және 5G технологиясын енгізу үшін байланыс станцияларын іске қосу мерзіміне айтарлықтай әсер ететін бірқатар әкімшілік-реттеуші кедергіні жою қажет. Бұл жабдықты орнату процедураларын жеңілдетуге, санитарлық ережелерді әлемдік стандарттарға сәйкес жүргізуге, жер учаскелерін уақтылы беруге және басқа да көптеген көзге көрінбейтін, бірақ маңызды процедураларға қатысты кедергілер.
Кеше осы мәселеге Премьер-министр де Үкіметтегі кеңес кезінде айрықша көңіл бөлді. Ол артық әкімшілік кедергілерді жедел жою және халықты сапалы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Бұл 2025 жылдың соңына дейін 5G технологиясын енгізу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға септігін тигізеді. 5G желісін жедел түрде қосу жөніндегі тапсырмаға сай 5G енгізу мерзімі екі есеге қысқарды.
Біз үнемі байланыс сапасы мен шалғай ауылдардың Интернетке қолжетімділігі мәселесін шешудің балама жолдарын да қарастырамыз және осы бағытта жұмыс істейміз.
Қазіргі таңда шалғайда жатқан 10 ауылдық мектеп SpaceX компаниясының Starlink технологиясы бойынша кең жолақты Интернетке қосылды, оның жылдамдығы 200 Мбит/с дейін жетеді. Сондай-ақ еліміздің шалғайдағы елді мекендерінде 2000 мектеп Интернетке қосылады.
Одан бөлек «цифрлық теңсіздікті» жою бағдарламасы шеңберінде 176 ауылдық елді мекеннің «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесінің ресурстарындағы спутниктік көлік желісі арқылы кең жолақты Интернетке қолжетімділігін қамтамасыз етті. Мұндай ауылдардың жалпы саны 2024 жылдың соңына қарай 500-ге жетеді.
«Қолжетімді интернет» жобасы аясында 3 мыңнан астам ауылды Интернетке қосу көзделуде, шағын және орта байланыс операторларын қолдау арқылы жоғары жылдамдықты интернет 400 мың үй шаруашылығына жеткізіледі. Тағы бір маңызды мәселе шешімін таппақ. Республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым салу жоспарланып отыр. Бұған қоса, 487 антенна-діңгек құрылыстарын орнату көзделуде. Бұл 17 мың шақырым автожолды мобильді интернетпен қамтуға мүмкіндік береді.
- 09.11.2023
- 214