- Блогтар
- Мәдиев Ж.Х.
Мәдиев Ж.Х.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Held a field meeting with telecom operators, representatives of the akimat, deputies of the district maslikhat and local residents on improving the quality of communication and Internet in the village of Zhibek Zholy and Zhaltyrkol of Arshaly district, Akmola region
Бір ай бұрын Ақмола облысының тұрғындарымен кездесу кезінде Жібек жолы ауылы тұрғындарынан интернет пен байланыс сапасына қатысты көп шағым естідім. Сол кезде ауылдың белсендісі және өзекті мәселелерге бей-жай қарамайтын ауыл тұрғыны Алмабаев Әлібек Оқапұлына алдағы уақытта келіп, бұл мәселенің жай-жапсарымен жеке танысатынымды айтып, уәде берген едім.
Сенбі күні Ақмола облысы, Аршалы ауданының, Жібек Жолы және Жалтыркөл ауылдарындағы байланыс операторларымен, әкімдік өкілдерімен, аудандық мәслихат депутаттарымен және жергілікті тұрғындармен байланыс және интернет сапасын жақсарту мәселелері бойынша жиын өткіздім.
Мен жиынға келген барлық қатысушыны, әсіресе, жергілікті тұрғындардың талап-тілегін естігім келді, өйткені байланыс сапасының нашарлауын немесе жақсаруын сезінетін де солар. Әдетте, әкімдіктер мен байланыс операторларының есептерінде жиі кездесетін проблемалар артық бюрократияға келіп тірелетіні белгілі. Бұл жолы да солай екеніне көз жеткіздім.
Барлық мәселе антенна-діңгек құрылыстарын салу үшін ұялы байланыс операторларына жер учаскелерін бөлуге және ауылдың әрбір үйіне талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізумен байланысты болды.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде ауылда 2000-нан астам жеке меншік үй бар. Базалық станциялар мен АДҚ-ның салынуы осы ауылдардағы байланыс пен
Интернеттің сапасын едәуір жақсартады.
Мен байланыс операторларына байланыс сапасы мен Интернет жылдамдығын жақсарту үшін қосымша базалық станциялар мен жабдықтар орнатуды тапсырдым. Сондай-ақ, Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасына Аршалы ауданының әкімімен бірлесіп, 2023 жылдың соңына дейін 6 жер учаскесін бөлу мәселесін пысықтауды жүктедім. Ақпан айының соңында осы ауылдарды тағы да аралап, байланыс пен Интернет сапасын тексеруді жоспарлап отырмын. Операторлар жұмысты сол кезде аяқтауға уәде беріп отыр.
Жібек жолы мен Жалтыркөл ауылдары қалаға жақын орналасқан. Жібек жолы ауылындағы халық санының жылдам өсуін назарға ала отырып, «Қазақтелеком» АҚ ауыл аумағында желілерді дамыту жөнінде пәрменді шараларды қабылдауы қажет деп санаймын.
Сондай-ақ, кездесуде шағын байланыс операторлары жұмысының маңызына тоқталдым. Астана әкімдігімен қазірдің өзінде тұрғын үй алаптарын дамыту мақсатында шағын операторларды тарту бойынша жұмыс жүргізіп келеміз. 2023 жылдың соңына дейін жоғары жылдамдықтағы Интернет 14 тұрғын үй алабында, ал 2024 жылы 3 тұрғын үй алабында (Өндіріс, Қазгородок, Кирпичный) жүргізіледі. Барлық жұмыс инвесторлардың («Твой новый телеком» ЖШС, Казахские домашние сети» ЖШС, «Synergy Telecom» ЖШС) 2,68 млрд теңге инвестициясымен толықтай қаржыландырылады.
5500 абонент қосылды, 440 км-ден астам оптикалық кабель тартылды, барлық жұмысты 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Жібек жолы ауылындағы кездесуде «Synergy Telecom» ЖШС компаниясының мамандары Жібек жолы ауылында талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу жұмыстарын ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.
Сонымен қатар, Ақмола облысына іс-сапар барысында облыс әкімі Марат Ахметжановпен Ақмола облысының елді мекендерінің Интернет желісіне және байланысқа сапалы қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі 2024-2027 жылдарға арналған Жол картасына қол қойдық. Бұл құжат бойынша Ақмола облысының 230 елді мекенінде талшықты-оптикалық байланыс желісі жүргізіліп, 100-ден астам антенна-діңгек құрылыстары салынады.
- 28.11.2023
- 175