- Блогтар
- Мәдиев Ж.Х.
Мәдиев Ж.Х.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Жедел ескерту жүйесі қалай жұмыс істейді?
2022 жылдан 2023 жылға дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, Cell broadcast технологиясын қолдану арқылы төтенше жағдайларда азаматтарды жедел хабарлау жүйесін сынақтан өткізді. Бұл жүйе дәстүрлі SMS-хабарламаларынан ерекшеленетін жаппай ескертуге бағытталған жаңа тәсіл болып саналады. Оның абоненттерге жолданатын бір реттік SMS-ескертулерден айырмашылығы бар. Яғни, Cell broadcast технологиясы миллиондаған азаматты белгілі бір аумақтағы төтенше жағдайлар туралы дер кезінде хабардар етуге, ескерту хабарламасын жедел және жаппай таратуды қамтамасыз етуге арналған. Cell broadcast жүйесі табиғи апаттар (мысалы, су тасқыны, өрт) немесе террористік жағдайлар сияқты төтенше жағдай туралы дереу хабарлауды қажет ететін жағдайларда пайдаланылады.
Сейсмологиялық тұрақсыз аймақтардағы бірқатар елдер қазірдің өзінде жаппай ескерту технологиясын қолданады. Мысалы, былтыр АҚШ-та бұл жүйені тестілеу ұлттық деңгейде өткізілді. Онда мәтіндік хабарламаларға ұқсайтын, бірақ пайдаланушылардың назарын аудару үшін арнайы дыбыстық және діріл сигналымен «сымсыз жедел ескертулер» жүйесі қолданылады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі барлық мүдделі ведомстволарға қаражат бөлінген жағдайда, Қазақстанда Cell broadcast жедел хабарлау технологиясын іске асыруға дайын екендігін хабарлады. Cell broadcast технологиясы ақпараттық жүйені әзірлеуді және барлық ұялы байланыс операторларымен интеграция жасауды қажет етеді. Бұл жүйені тек жер сілкінісі кезінде қолдану міндетті емес. Төтенше жағдайлардың басқа да түрлері кезінде, мысалы, су тасқыны, өрттер немесе террористік сипаттағы басқа да жағдайлар кезінде қолдануға болады. Мұндай кезде сол аймақтағы абоненттерді болып жатқан жағдай туралы бір уақытта жаппай хабардар ету қажет.
Дегенмен, сейсмикалық белсенділікті анықтау жүйесі мен жедел жаппай ескерту арасында өзара айырмашылық бар. Сейсмикалық белсенділікті анықтау жүйесі жер асты дүмпулерін анықтауға арналған жабдықты пайдаланады, ал жедел ескерту жүйесі тұрғындарды жедел және жаппай ескерту үшін Cell broadcast технологиясын қолданады.
Детекция жүйесі мен жедел хабарлау арасындағы мұндай кереғарлықты болдырмау үшін қазір Алматы қаласы ТЖД әкімдікпен детекция жүйесін толыққанды іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде. Сейсмологиялық анықтау жүйесі дайын болғаннан кейін Cell broadcast жүйесімен мұқият түрде интеграция жүргізу қажет. Екі жүйені толыққанды іске асыру және дұрыс интеграциялау кезінде, сейсмологиялық жүйеде детекция пайда болған кезде, Алматы қаласының барлық тұрғыны үшін автоматты түрде ескерту жасалады, сондай-ақ бұл жүйені төтенше жағдайдың басқа жағдайларында да пайдалануға болады.
Жедел хабарлау жүйесіндегі бұл тәсілді тиісті бюджет қаражатын бөлу кезінде іске асыру ұсынылады. Мұндай техникалық шешімдерді енгізу қажеттілігі туралы түпкілікті шешімді төтенше жағдайларда жедел ден қоюға жауапты салалық ведомство қабылдайды. Цифрлық даму министрлігі қажетті қаржыландыру болған кезде, өз тарапынан осы жүйені екі ай ішінде толыққанды іске асыруға дайын.
- 25.01.2024
- 261