- Блогтар
- Нәлібаев Н.М.
Нәлібаев Н.М.
Қызылорда облысының әкімі
ҚЫЗЫЛОРДАДА СУ РЕСУРСТАРЫ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН КӨШПЕЛІ ОТЫРЫС ӨТТІ
Бүгін Қызылордада «Су ресурстары: сумен тұрақты қамтамасыз етудің проблемалары мен перспективалары» тақырыбында көшпелі отырыс өтті. Оған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ғылыми зерттеу институттарының өкілдері, су шаруашылығының ардагерлері, су шаруашылығы ұйымдары мен ауыл шаруашылығы құрылымдардың басшылары қатысты. Орталық атқарушы органдардың өкілдері мен барлық аудан әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері, шаруашылық ұйымдары бейнебайланыс арқылы қосылды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев іс-шараға қатысушыларды мол тәжірибелерін ортаға салып, бөлісуге шақырды.
«Су шаруашылығы саласындағы негізгі мәселелердің шешілуі үшін осындай жиындардың маңызы өте зор деп ойлаймын. Өңірдің басты су артериясы –Сырдария трансшекаралық өзені облыстың барлық аумағынан ағып өтеді. Оның бойында елді мекендердің 85%-ы орналасқан және облыс халқының 93-%-дан астамы өзен маңында тұрады. Облысымыздың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген Сыр күріші аймақтың негізгі дақылы болып жылдар бойы қалыптасқан. Сыр өңірінің экономикалық және экологиялық жағдайы, халықтың тыныс-тіршілігі Сырдария өзенінің сулылығына және Арал теңізіне тікелей байланысты», – деді аймақ басшысы.
Нұрлыбек Машбекұлы Сырдария суының 90 пайыздан астамы республикадан тыс жерлерден келетінін, «Арал-Сырдария» бассейнінде ауыр ахуал қалыптасқанын атап өтті. Біріншіден, Қызылорда облысы Сырдария өзенінің ең төменгі ағысында орналасқандықтан, жоғары ағыстағы мемлекеттер мен өңірлердің ұстанымына тәуелді. Екіншіден, өңірде табиғи өсірілім егістік жерлер жоқ. Сондықтан, көп қаржы жұмсалатын, инженерлік жүйеге келтірілген мелиоративтік жүйелер мен құрылыстарды ұстап тұруға мәжбүр.
Мұнан бөлек, аймақ басшысы қазіргі қолданыстағы «Су кодексі» 20 жыл бұрын қабылданғанын, су заңнамасын одан әрі жетілдіруді уақыт талап ететінін айтты. Жаңа «Су кодексінің» қабылдануы Сыр өңірінің экологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға мол мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Жиында ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, Халықаралық Аралды құтқару қоры Қазақстан Республикасындағы атқарушы дирекциясының директоры Серікқали Мұқатаев, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Сұлтанбек Тәуіпбаев баяндама жасады.
Айта кетейік, Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында делегация мүшелері аймақтың су және ауыл шаруашылығы нысандарының жұмысымен танысады.
©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 27.02.2024
- 133