- Блогтар
- Нәлібаев Н.М.
Нәлібаев Н.М.
Қызылорда облысының әкімі
ЕҢБЕКШІ АУЫЛЫНА ДЕЙІНГІ 4,5 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Самара-Шымкент-Еңбекші» жолының Шиелі ауданындағы Еңбекші ауылына дейінгі 4,5 шақырымын жөндеу мәселесі бойынша жауапты мамандар және кәсіпорын өкілдерімен кездесті.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дінмұхамед Абсаттаров, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков, «KAP Logistics» ЖШС бас директоры Дархан Рамазанов, «Гежуба Шиелі цемент компаниясы» ЖШС бас басқарушысы У Чженьхуа, «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС бас басқарушының орынбасары Айбек Абсеметов қатысты.
Аймақ басшысы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру басты мақсат екенін атап өтіп, жоспардағы жобаларды тез арада іске асырып, ел игілігіне табыстау үшін бірігіп жұмыс жасауға шақырды.
«Аталған жол учаскесін «Қазатомөнеркәсіптің» уран өндіруші мекемелері, «Гежуба Шиелі цемент компаниясы» және басқа да ірі кәсіпорындар күнделікті пайдаланады. Өздеріңізге белгілі, «Самара-Шымкент-Еңбекші» жолының 6 шақырымы (оның ішінде 4,5 шақырымы Еңбекші ауылына дейінгі жол) 2015 жылдан бері «КАП логистикс» серіктестігіне 10 жылға өтеусіз пайдалануға берілген. Қазір жолдың тозығы жетіп, күрделі жөндеуді қажет етуде. Өткен жылы қараша айында Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барғанымда, Еңбекші ауылының тұрғындары осы жолдың жағдайына наразылық білдірді. Мендегі ақпаратқа сәйкес, «КАП логистикс» серіктестігі биыл Еңбекші ауылынан басталатын 13 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлауда. Оған қосымша Еңбекші ауылына дейінгі 4,5 шақырым жолды күрделі жөндеуді ұсынамын. Құрметті әріптестер, бұл – үш ауылдағы 2871 тұрғынның (Еңбекші – 1605, Жиделіарық – 1025, Қосүйеңкі – 241) өтініші. Сол себепті бірлесіп жұмыс атқару маңызды», – деді Н.Нәлібаев.
Еске салайық, өткен жылғы 6 қарашадағы облыс әкімінің Сырдария, Шиелі аудандарына жұмыс сапарының нәтижесімен қабылданған хаттамалық шешімге сәйкес облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларына қолданыстағы заңдылықтар аясында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолынан Еңбекші ауылына дейінгі бұзылған 4,5 шақырым жолды күрделі жөндеуді тас өнімдерін шығаратын кәсіпорындар арқылы қаржыландырылуды 1 желтоқсанға дейін үйлестіру тапсырылған.
Еңбекші ауылына дейінгі 4,5 шақырым – Шиелі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміне жататын 4 санаттағы жол. Өз кезегінде кәсіпорын өкілдері аталған жол ортақ пайдалану үшін керек екенін, бастаманы қолдайтынын жеткізді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 14.03.2024
- 164