- Блогтар
- Нәлібаев Н.М.
Нәлібаев Н.М.
Қызылорда облысының әкімі
Ардагерлермен кездесу өтті
Біз - қашанда ардагерін ардақтап, қартына құрмет көрсете білетін халықпыз. Бұл біз үшін жазылмаған заңдылық десе де болады.
Қазіргі таңда зейнетке шықса да қоғамдық жұмысқа белсенді араласып, жастарға үлгі болып жүрген үлкендеріміз аз емес. Облыста, аудандарда, ауылдық округтерде «Ардагерлер кеңесінің» жұмысы да жолға қойылған.
Аймақтағы маңызды шараларды ардагерлермен бірге ақылдаса отырып жүзеге асыру көптеген қордаланған дүниелердің шешімін табуына септігін тигізері сөзсіз. Осы ретте, бүгін облыстағы маңызды аймақтың бірі – Байқоңыр қаласы, Төретам кенті мен Ақай ауылындағы ардагерлермен кездестім. Ардагерлер Байқоңыр кешенінің жұмысы мен Байқоңыр қаласы, Төретам кенті және Ақай ауылының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін көтерді.
«Байқоңыр кешені» Мемлекет Басшысының және Үкіметтің тікелей бақылауында екені белгілі. 2020 жылы Байқоңыр қаласын дамытудың проблемалық мәселелерін шешу үшін екіжақты ұзақ мерзімді бағдарлама бекітілді. Облыс тарапынан да арнайы Жол картасы әзірленіп, іске асырылуда.
Соңғы отыз жылда алғаш рет Байқоңыр қаласының Бас жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының қаражаты есебінен 50 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы салынып, табысталды. Биыл тағы бес көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Ақай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және Төретам кентінде сумен қамтамасыз ету жүйесінің құрылыстары жүргізілетін болады.
Бүгінде облыс бойынша 75 мыңнан аса зейнеткер болса, оның бес мыңдайы Байқоңыр қаласы, Төретам кенті мен Ақай ауылында тұрады.
- 15.02.2021
- 292