- Блогтар
- Мусин Б.Б.
Мусин Б.Б.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Халық алдында есеп беру кездесуіне қатыстым
Өткен жылы атқарылған жұмыстар мен шешімін тапқан мәселелер және алдағы міндеттеріміз мен жақын болашаққа құрған жоспарларымызды барынша қамтып, қысқа ғана айтып өтуге тырыстым. Солардың ішіндегі ең маңыздыларына тоқталып өтейін.
Сіздер оңай қолдана алатын ЭЦҚ-ның жаңа түрін әзірлеп жатқанымызды жеткіздім. Кейбіріңізге NCALayer орнату қиынға соққанын білемін, сол себепті қосымша бағдарлама орнатуды қажет етпейтін бұлтты ЭЦҚ құрылады.
Сонымен қатар QR-кодты сканерлеу арқылы қызметтерді алу мүмкіндігін іске асырамыз, мен бұл туралы бұған дейін де жаздым. QR-код арқылы алуға болатын алғашқы қызметтердің қатарында - неке мен баланың тууын тіркеу, балабақша кезегіне қою және т.б. қызметтер бар.
Сондай-ақ проактив тәсілімен ұсынылатын қызметтердің тізімін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Біз қызметтерді осындай форматта ұсынуға дайынбыз деп ойлаймын. Азаматтар ешқайда бармай-ақ, қажетті мәліметтерді СМС-хабарламамен жолдап, қызметтерді қашықтан ресімдей алады. Ведомствоаралық комиссия отырысында проактив тәсілімен ұсынылатын қызметтің 30 түрін анықтап, министрліктерге тиісті ұсыныстар бердік. Жоспарлаған жобалардың ішінде декреттік төлемдерді тағайындау, мүгедектікті белгілеу, мектепке қабылдау, көшелерді немесе елді мекендерді қайта атау кезінде мекенжай деректерін өзгерту және т.б. бар.
Қолдау көрсеткендеріңіз және менің жазбаларымның астына қалдырған ұсыныс-пікірлеріңіз үшін көп рахмет! Мұндай фидбек біз үшін өте маңызды және жұмысымызды одан әрі жақсартуға мүмкіндік береді.
Айтпақшы, дәл осы күні "Цифрлық технологиялар туралы" заң жобамызды Сенат мақұлдады. Демек, цифрлық құжаттарды заңдастыруды қоса алғанда, көптеген жаңалықтарымызды жүзеге асыруға тағы бір қадам жақындай түстік. ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенат депутаттарына ерекше ризашылығымды білдіремін.
- 16.06.2020
- 111