- Блогтар
- Нәлібаев Н.М.
Нәлібаев Н.М.
Қызылорда облысының әкімі
Дәстүрлі тамыз кеңесінде ең үздік білім беру ұйымына 34 млн.тенге табысталды
Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен «Білімді Ұлт – тұрақты даму кепілі» тақырыбындағы білім беру қызметкерлерінің педагогикалық тамыз кеңесі өтті. Аймақ педагогтарының басқосуына Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы, Ақмарал Әлназарова, Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева, «Talap» КЕ АҚ вице-президенті Санжар Тәтібеков, ZOOM платформасы арқылы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев қатысты. Сондай-ақ, пандемия жағдайын ескере отырып, кеңес жұмысына Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, аймақтағы білім беру ұйымдарынан 400-ге жуық өкілдері ZOOM платформасы арқылы қосылды.
- Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өздеріңізбен дәстүрлі тамыз кеңесінде кездесіп отырмыз. Тамыз конференциясы тек алқалы жиын ғана емес, білім саласының кешенді даму жоспарын айқындап, алдағы міндеттерді саралап, тың ой мен ерекше идеяларды ортаға салатын боламыз. Өздеріңізге белгілі, биыл Үкіметпен дәстүрлі форматта оқыту туралы шешім қабылданды. Өткен аптада және күні кеше қала, ауылдарды аралап, бірнеше мектептің жаңа оқу жылына дайындық барысын өзім көріп шықтым. Облыс бойынша білім беру ұйымдары 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдауға дайын! Індеттің жаңа штамдары пайда болған қазіргідей қиын кезеңде біз үшін әрбір баланың денсаулығы маңызды! Сондықтан, облыстық білім басқармасына барлық білім ұйымдарында санитарлық талаптарды қатаң сақтауды, балалар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын. Бұл – күн тәртібіндегі біздің жұмысымыздың ең маңызды бағыты! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мәртебелі мамандық иелеріне деген ықыласы ерекше екенін жақсы білесіздер. Президенттің бастамасымен соңғы жылдары бұл салада реформалар сәтті жүзеге асырылды: педагогтардың мәртебесін көтеру, ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту бойынша нақты қадамдар жасалды, - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Педагог және оларға теңестірілген қызметкерлердің еңбекақысы биылдың өзінде 50%-ға көтерілді. Алдағы екі жылда еңбекақы екі есеге дейін өсетін болады. Осы жылы республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 32,2 млрд тенге қаржы бөлінді. Үстіміздегі жылы білім саласының бюджеті 185 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға артты. Сәйкесінше, жаңа реформаға сәйкес мұғалімдерге қойылатын талап та күшейді.
Жиында Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы мен ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева сөз сөйлеп, білім саласындағы маңызыды мәселелерді көтерді. Атап айтсақ, білім беру ұйымдарындағы білім сапасының айырмашылығы, инклюзивті білім беру үшін арнайы мектеп ашу, мұғалімдердің медициналық анықтамасын әзірлеуде жеңілдіктер қарастыру секілді ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен қатар аймақ педагогтарының басқосуында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев «Білім алушылардың білімін толықтыру жаңа оқу жылының басты міндеті», «Talap» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының вице-президенті Санжар Тәтібеков «Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялаудың өзекті бағыттары» тақырыптарында баяндама жасады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
- Былтырға онлайн оқыту мектептердің компьютерлік паркін жаңартуға да септігін тигізді. Осылайша компьютерлер паркін 100% жаңарту нәтижесінде бір оқушы санына шаққандағы компьютерлер көрсеткіші 14-тен 5-ке дейін төмендеді. Білім саласының бастапқы сатысы – мектепке дейінгі тәрбие бағытында да нәтижелі қадамдар бар. Облыста 670 мектепке дейінгі ұйымдарда 58 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген 1 мен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшалармен қамту бастамасын кезең-кезеңімен жандандыруға тиіспіз. Балаларды ерте дамыту институтын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алғашқы тәжірибені бастап та кеттік. «Алтын ұя» бөбекжай балабақшасы цифрлық білім беру ісіне көшті. Биылғы жылғы мақсат - тірек білім беру ұйымдары арқылы тәжірибені әр ауданнан ІТ балабақша желісін ашатын боламыз, - деді Ақзира Қасымова.
Биылғы оқу жылындағы басты әрі қуанышты жаңалық - мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндеріміз «Әліппе» мен «Ана тілін» оқиды. Жаңа оқу жылында 294 мемлекеттік және 10 жеке мектепте 177 мың оқушы білім алады. Оның ішінде 1-сыныпқа 18 мыңнан аса бала қабылданады.
Дәстүрлі форматта оқуды бастайтын мектеп оқушылары мен мұғалімдердің қауіпсіздігі үшін барлық білім беру ұйымдары «ASHYQ» қосымшасына қосылды. Педагогтардың 97% вакцинацияланды. Оқу жылының басталуына дейін бұл көрсеткіш 100% жетеді деп жоспарлануда.
Аймақ мектептері бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылды. Өткен жылы 70 мектеп жедел басқару орталығына қосылса, биыл 35 мектеп ұлттық бейнемониторинг жүйесінің тікелей бақылауына енген.
2019 жылдан бастап ауыл мектептерінде білім алатын оқушыларға арналған «Мың бала» олимпиадасына 27502 оқушы қатысып, 174 оқушы жеңімпаз атанды. 2 жыл ішінде 50 оқушы мамандандырылған мектептерге қабылдануға жолдама алды. 2021 жылғы зияткерлік олимпиада қорытындысымен Қызылорда облысы үздік үштіктен көрінді.
Басқарма басшысы алдағы 5 жылда «Nur Otan» партиясының жол картасы аясында 28 мектептің құрылысын басталып, биыл 6 жаңа мектепті пайдалануға берілетінін айтты. «Жаңа оқу жылында Президент тапсырмасымен іске асқан Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп пен инвесторлар есебінен жүргізілген 2 жеке мектеп құрылысы пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Қалған 3 мектепті жыл соңына дейін табыстаймыз», - деді Ақзира Қасымова.
Келесі оқу жылынан бастап «Алтын белгіге» үміткерлер үшін талаптар күшейтіледі. Енді үміткерлердің жылдық қорытынды бойынша «5»-тік бағасымен қатар оқушылардың 5-11 (12) сыныптардағы барлық тоқсандық бағалары да «5» болуы керек және ерекшелік белгісіне ұсынылғанға емтиханды тәуелсіз ұйым өткізетін болады.
Облыста инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған арнайы Жол картасы жасалып, оған 4 млрд. теңге қаржы қаралды. Биыл 47 мектепке дейінгі мекемеде логопункт ашылып, олар логопед маманымен қамтылады деп жоспарлануда.
Салтанатты шарада білім беру ісіне елеулі үлес қосып, отандық білім мен ғылым саласына ерекше еңбек сіңірген үздіктер марапатталды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төс белгісін Текей батыр Қарпықұлы атындағы жоғары колледжінің құрылтайшысы Мирамбек Исаев, Қазалы ауданы, №276 орта мектебінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Бағдат Орымбас, Қызылорда қаласы, №23 мектеп-лицейінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Роман Огай және Қызылорда облысының білім басқармасының тәрбие және өзін-өзі тану жұмыстары бөлімінің бас маманы Шолпан Байғазиеваға табыстады. Сонымен қатар Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылы Әбірәш Жәмішов атындағы №129 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Раушан Абдраманова, Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің оқытушысы Рахия Абуова, Жалағаш ауданы, «Арай» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Гүлбану Жалғасова мен Қармақшы ауданы, Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектебінің директоры Мәуегүл Ерғалиева «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталады. Ал, облыс әкімінің «Алғыс хаты» Арал ауданы, №19 орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлжан Сембайқызына, облыстық №7 арнайы түзету мектеп-интернатының еңбек пәнінің мұғалімі Жарқынбек Кәрімбердіұлына, Жаңақорған ауданы, №162 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Мереке Әбдімәжитқызына табысталды.
Облыс әкімінің «Үздік орта білім ұйымы» грантымен облыстық конкурс жеңімпазы – Қызылорда қаласы, Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі марапатталды. Сыйақы мөлшері - 34 млн. теңге.
ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ!
- 26.08.2021
- 405