- Блогтар
- Нәлібаев Н.М.
Нәлібаев Н.М.
Қызылорда облысының әкімі
ОБЛЫС ӘКІМІ СУ БАСУ, КӨКТЕМГІ МҰЗ ЖҮРУ КЕЗЕҢДЕРІНДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің салалық орынбасары, тиісті басқарма мен департамент басшылары және қала, аудан әкімдері онлайн режимде қатысты.
Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Атап айтсақ, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков 2021-2022 жылдардағы ықтимал су тасқынының алдын алу, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетов қыс мезгіліндегі жол қауіпсіздігі шаралары, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қайрақбаев«Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бойынша ауыз суды залалсыздандыру үшін қауіпсіз реагенттерді пайдалану туралы баяндады.
Облыс бойынша су тасқынына қарсы жұмыстарға пайдаланылатын материалдық-техникалық қорлар бойынша барлығы 161,2 тонна жанар-жағар май қоры және 118 700 дана қап сақтауда тұр. Сондай-ақ, 24 720 бау қамыс, 6 350 дана пашын және 4 510 қарабура мен т.б. қажетті материалдар қорлары жасақталған.
Мұса Қалдарбековтың айтуынша, су басу қаупіндегі 5 елді мекені бар Қармақшы ауданы бойынша бензин және дизель отынының қоры небәрі 1,2 тонна ғана болып отыр. Ал, 1 қауіпті елді мекені бар Арал ауданында 5 тоннаны құрайды.
Қызылорда қаласы мен аудандарда тасқын су кезеңінде халықты көшіруге арналған 83 эвакуациялық жинақтау және 102 қабылдау пункттері дайындыққа келтірілген. Бүгінгі күнге ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамымен жасалған келісім-шартқа сәйкес, 1 тікұшақ дайындыққа келтірілген. Мұз жару жұмыстарына «Каздриллинг Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шарт жасалған. Қорғаныс бөгеттерін жөндеу жұмыстары бойынша өзен бойы жалпы ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын қауіпті деген 5 учаскеде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Облыс әкімі материалдық-техникалық қорлар базасын жеткілікті мөлшерде жинақтап, су басу аймақтарына жақын аумақтарға шоғырландыру жұмыстарын жүргізуді міндетті. Әсіресе, мұз ұстасу және көктемгі мұз жүру кезеңдерінде Сырдария өзені бойы бекітілген арнайы техникалары бар жауапты мекемелердің қорғаныс бөгеттерінің қауіпті учаскелеріне кезекшілігін ұйымдастыруды жүктеді. Сонымен қатар облыс көлемінде су тасқынының алдын алу мақсатында авариялық-құтқару қызметтері мен күш-құралдарының дайындығын үнемі әзірлікте ұстап, 2021 жылдың 30 қарашасына дейін қала және аудан әкімдіктерінің азаматтық қорғау қызметтері мен күш-құралдарының дайындығына және материалдық қорларына тексеру жұмыстарын ұйымдастырып, нәтижесін баяндау қажет екенін ескертті.
Жиында жауапты басқармаларға ағымдағы жылғы 12 қарашаға дейін Арал, Қазалы, Қармақшы және Жаңақорған аудандары аумақтарында қауіпті болып анықталған 5 нысанның жөндеу жұмыстарының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу және қалпына келтіру жұмыстарына қаржы бөлуге облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджеттік өтінім жолдау және қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.
Қыс мезгіліндегі жол қауіпсіздігі шаралары туралы баяндаған Мұрат Тілеумбетов облыс бойынша республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарда қысқы кезеңдегі болуы мүмкін төтенше жағдайларды жоюға барлығы 157 бірлік әр түрлі техника және 118 бірлік қуаттылығы әр түрлі автономды электр көздері әзірлікке келтірілгенін айтты. Ал, республикалық маңызы бар жолдардағы қыс мезгілінде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мен олардың салдарын жою мақсатында 7,2 тн бензин, 21,7 тн. дизель отыны әзірленсе, жергілікті маңызы бар жолдарға әзірленген жанар-жағармай материалдарының қоры 2,7 тн бензин, 7,5 тн дизель отыны, 0,8 тн мотор майды құрайды. Дайындалған инертті материалдар: 270,0 тн тұз аралас құм, 49,0 тн тұз, 466,0 тн құм. Жалпы облыс аумағындағы 13 жылыту пункттері жұмыс жасайды.
Республикалық маңызы бар автожолдардағы өзекті мәселелердің бірі Қызылорда-Жезқазған-Павлодар автожолындағы байланыстың болмауы. Жалпы аймақта қар басып қалатын 4 учаске анықталған, оның жалпы ұзындығы 30 шақырым 900 метрді құрайды.
Аймақ басшысы облыстық полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтанға жолдың жабылғандығы туралы дабылды ескерту алысымен, санатына қарамастан көлік құралдарының жолға шығуына қатаң түрде шектеу қоюды қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ, жауапты сала басшыларына ауа-райының бұзылғаны және төтенше жағдайлар қатері туындаған кезде жолаушылар көліктерінің қалааралық бағытта жолға шығуына шектеу қоюды, 2021-2022 жылдардың күз және қыс айларында республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көктайғаққа қарсы материалдар, жанар-жағар май және жылыту құралдарының жеткілікті қорын жасақтауды тапсырды. Мұнан бөлек, облыс аумағынан өтетін республикалық маңыздағы жолдар бойында жылыту пункттерінің өз деңгейінде жұмыс жасауын қадағалауды міндетті. Ал, қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларда зардап шеккендерге дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында денсаулық сақтау нысандарын әзірлікке келтіруді және қысқы кезеңдегі күрделі метеожағдайдағы қарлы борандарда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін азық-түлік, киім-кешек және жанар-жағармай материалдары қорын ағымдағы жылдың 30 қарашасына дейін жасақтауды жүктеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі!
- 11.11.2021
- 334