- Блогтар
- Нәлібаев Н.М.
Нәлібаев Н.М.
Қызылорда облысының әкімі
БИЫЛ БІРҚАТАР ЕЛДІ-МЕКЕН КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОСЫЛАДЫ
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жұмыс сапары Қазалы ауданында жалғасты. Аймақ басшысы алдымен Қарашеңгел ауылдық округіне қарасты Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Басықара ауылдарына газ тарту рәсіміне қатысты.
Айта кету керек, аталмыш елді-мекендерге орамішілік газ желілерінің құрылысын жүргізуге ағымдағы жылы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде тиісті қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге мемлекеттік сатып алу конкурсы жүруде.
Көгілдір отын берілген уақытта Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Басықара ауылдарындағы 3 мыңнан астам отбасы және 26 әлеуметтік қамтамасыз етілетін болады. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды жүктеді.
Шарада Жалантөс батыр ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Дарипа Қалмырза қуанышымен бөлісіп, ризашылығын білдірді.
- Бізде бүгін қуанышты күн. Себебі көптен күткен газ келгелі тұр ауылымызға. Өте ризамыз. Әйел адамдардың тұрмыс-тіршілігі жеңілдейтін болды. Бұл мәселені ауыл тұрғындары көптен бері көтеріп жүрді, енді міне шешімін табуда. Алғысымыз шексіз, - деді Дарипа Қалмырза.
Жалпы өңірде газбен жабдықтау жұмысы 67% жетті. Бір жылда бірнеше ауылға көгілдір отын кіргізу жұмыстары қарқын алуда. Облыста 2025 жылға дейін 22 елді мекенге газ тарту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар аймақ басшысы Бозкөл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, көкейде жүрген мәселелерін тыңдады. Ауыл тұрғындары балабақша салу бойынша ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі бұл мәселе жуық арада шешілетіні айтты.
Қазалы ауданына жұмыс сапары соңында аймақ басшысы Әйтеке би кентіндегі Жаңадан салынып жатқан 250 орындық мектеп құрылысының жұмысымен танысып, ауылшаруашық мәселелерін талқылау бойынша жиынға қатысты. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев пен жауапты сала және шаруашылық басшылары қатысты.
Жиында аймақ басшысы ауылшаруашылық облыс экономикасының негізгі саласы болып табылатынын атап өтіп, су мәселесіне қатысты нақты тапсырмалар берді.
- Үкімет басшысының қолдауымен тиісті қаржы бөлініп отыр. Бөлінген қаражат мақсатты жұмсалу керек. Су беру жұмысын дұрыс ұйымдастыру маңызды. Әрбір істің тиімділігіне аса мән беріңіздер. Шұғыл әрекет қажет, - деді Г.Әбдіқалықова.
Сырдария өзенінде қалыптасқан жағдайға байланысты орын алуы мүмкін қуаңшылықтың алдын алу үшін, облыс әкімдігі тарапынан «Қызылорда облысының су тапшылығы жағдайында, елді мекендерді суармалы сумен қамтамасыз етуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірінші кезектегі жобаларды іске асыру жөніндегі Жол картасы» жобасы әзірленіп, енгізілген бірінші кезектегі 65 жобаларға ҚР Үкіметі резервінен 3,6 млрд теңге бөлуге бүгінгі таңда ҚР Қаржы Министрлігінен келісім алынды. Үкімет ревервінен барлығы 22 канал тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 133 дана насос қондырғыларын алу жоспарлануда. Сонымен қатар, 157 шақырым болатын 20 канал тазалау мен елді-мекендердегі 23 насос қондырғысын орнату үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Айта кету керек, Қазалы ауданын аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 1 дана дизель насос алу үшін де қаржы қаралған.
Бахыт Жахановтың мәлімдемесі бойынша биыл Көксарай су реттегішіне су жиналмау қауіпі бар. Бұл былтырғымен салыстырғанда су көлемі 2 млрд. текше метрге кем болады деген сөз.
Сонымен қатар басқосуда Мұхтар Оразбаев егісті әртараптандыру, су жүйелерін тазарту, бекеттерді жөндеу мен каналдарға механикалық тазалау бойынша өзекті мәселелерге тоқталды.
Жиын соңында аймақ басшысы 2022 жылдың егісіне қажетті суармалы судың лимитін нақтылап, айлар бойынша он күн сайын облысқа су жеткізу кестесін бір апта мерзімде белгілеп ұсынуды, ауданаралық магистралды канал бойынша су жеткізудің 10 күндік кестесін әзірлеп, ағымдағы жылдың 25 наурызына дейін бекітуді және көктемгі су алу науқаны басталғанға дейін су шаруашылығы нысандарын жөндеу жұмыстарын толық аяқтауды жүктеді.
Сондай-ақ, Қазалы ауданы елді мекендерін аяқ сумен қамтамасыз ету үшін каналдарды тазалау жұмыстарын жүргізуді және қажетті су насостарын алуды ұйымдастыруды, шалғайдағы жайылымдарды суландыру мақсатында аудан аумағынан қажетті жаңадан скважиналар қаздыру үшін жобалық-сметалық құжаттарын жасатуға қажетті қаржы көлемін пысықтауды тапсырды.
Облыс әкімі қуаңшылықты алдын алу мақсатында, аудандағы төрт түлік мал басын аман сақтау бойынша нақты тапсырмалар берді. Ауыл шаруашылығы жануарлары арасында ауру ошақтарын болдырмау, ауру малдарды анықтау, алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында жоспарлы ветеринариялық-профилактикалық іс-шараларды уақытылы орындауды және эпизоотиялық ахуалды үнемі бақылауға алуды жүктеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі!
- 14.03.2022
- 145