- Блогтар
- Нәлібаев Н.М.
Нәлібаев Н.М.
Қызылорда облысының әкімі
СЫР ЕЛІНДЕ ЕГІНГЕ ОРАҚ ТҮСТІ
Бүгін Сыр диқандары егінге орақ салды. Қызу еңбекті алғаш болып Сырдария ауданының шаруалары бастады. Орақ салу рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов қатысты. Сондай-ақ, ҚР Еңбек Ері Абзал Ералиев, сала ардагерлері мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері егіншілердің қуанышына ортақтасты.
Ел ырысы саналатын сары алтынды қамбаға жинау жұмыстарын «Ақжарма и К» фермерлік қожалығы бастады. Аймақ басшысы министрлермен бірге күріш алқабына барып, алғашқы орақ салу рәсімін өткізді. Нұрлыбек Нәлібаев Президенттің, Үкіметтің қолдауы негізінде биыл шаруалар былтырғыдай су тапшылығын көрмегенін тілге тиек етіп, Сыр диқаншыларына ақжарма тілегін арнады.
- Облыс халқының басым бөлігі ауылда тұрғандықтан біз қашанда егін егу мен жинау науқандарын аса жауапкершілікпен өткіземіз.
Жыл басында күріш көлемін былтырғы 84 мыңнан 64 мың гектарға дейін түсіру жоспарланғанын жақсы білесіздер. Алайда ондай шешімнің аймақ халқы үшін зардаптарын болжай отырып біз ол қадамға бармадық яғни күріш көлемін 78,6 мың гектар көлемінде сақтап қалдық. Орын алған қиындықтарға қарамастан суды тиімді пайдалану, егістікті кезектеп суару, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану қолға алынды. Бұған қоса, әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін мал азығы, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттыруға жұмыс жасалды,-деді Н.Нәлібаев.
Мұнан кейін меймандар егін жинауға арналған ауыл шаруашылығы техникаларымен, облыста өндірілетін агроөнім түрлерімен танысып, сала мамандармен пікір алмасты.
Ведомоство басшылары өз кезегінде диқаншылардың ала жаздай еткен еңбегін жоғары бағалап, ел Үкіметі қысқа мерзім ішінде мемлекеттік бағдарламаларды одан әрі жандандыру міндетін қойғанын тілге тиек етті.
“Қызылорда - күріштің астанасы. Саралап қарасақ, 6,8 мың гектар Алматы облысында бар, Түркістан облысында да аз емес, шамамен 1,5 мың гектар. Ал, негізі 78,6 мың егіс алқабының бәрі, яғни 90% дәл осы Сыр өңірінде. Ең өзекті мәселе, яғни дренажды жүйелерді жақсартуға жеткілікті мән берілсе өнімділік одан да арта түседі. Бұл аймақта күріш өндіру өте жақсы деңгейде дамыған ішкі қажеттілікті де, экспортты да дамытып отырғаны осы шаруалардың зор еңбегін атап өту қажет,-деді Ербол Қарашөкеев.
Егіс алқабындағы мерейлі сәт «Дала күні» cеминар-кеңесімен жалғасты. Шет елдің ғалымдары мен білікті мамандары және отандық кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, тиімді байланыс орнату мәселесін сөз етті.
Алқалы басқосуда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке су тапшылығы жағдайында күріш шаруашылығын одан әрі дамыту үшін арнайы бағдарлама қабылдау қажет екенін және Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жұмысын жандандыруда бірлескен шаралар қабылдауды алға тартты.
Ал, Серікқали Брекешовке аймақтың 178 мың гектар инженерлік жүйеге келтірілген егістіктен айрылып қалу қаупі бар екенін жеткізді. Сол себептен суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға қосу бойынша әзірленген жобалардың іске асуына ықпал етуді сұрады.
Биыл өңірдегі диқаншылар тұқым сапасын арттыруда украиндық ғалымдарымен бірге ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарын тәжірибе ретінде егуді қолға алды. Бұл ретте Украина ауыл шаруашылығы ғылыми ұлттық академиясы күріш институтының директоры Владимир Дудченко әріптестік танытуға мүдделі.
Нұрлыбек Нәлібаев суды аз қажет өнімдерге басымдық беру арқылы өнімділік мәселесін жолға қоюға болатынын жеткізді. Айталық, аймақта жүгері егу суды қажет етеді, егер оны экспорттасақ оның табысы күріштен де қомақты болады. Сондықтан сала мамандары жүгері өндіру ісіне ерекше мән бермек. Бұл - әртараптандырудың нақты мысалы болмақ.
Сыр өңірінде су мәселесі проблемалық деңгейде болғаны рас. Дегенмен мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде Қызылорда облысындағы су шаруашылығы жағдайы тұрақтанды.
“Су тапшылығының алдын алу мақсатында биыл 22 каналды механикалық тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, сорғы қондырғыларын сатып алу жұмыстарын жүргізуге Үкімет резервінен 3,6 млрд. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қабылданған шаралардың арқасында жалпы биыл вегетациялық кезең шығынсыз аяқталуда,-деді Серікқали Брекешов.
Облыста 188,5 мың гектарға егін орналастырылды.
Бүгінде бидай, арпа, сұлы дақылдарын жинау аяқталса, мақсары, картоп, көкөніс, бақша, жүгері, мал азығы дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда.
Егілген күріштен жоғары өнім алу мақсатында күріш егісіне 100 пайыз жоғары репродукциялы тұқымдар себілді.
Айта кетейік, күзгі егін жинау және дала жұмыстары үшін қажетті жанар-жағар май қоры жеткілікті. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникалары күріш егісін оңтайлы мерзімде жинап алуға толық дайын.
Алдағы егін жинау науқаны Сыр диқаншылар үшін қолайлы кезең болады деп болжанып отыр. Демек, науқанды 10 қазанда аяқтау жоспары белгіленді.
©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
- 22.08.2022
- 248