- Блогтар
- Ибрагимова Л.Е.
Ибрагимова Л.Е.
«Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы
Қымбатты достар!
"Отбасы банк" АҚ ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) – тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін (ТҚЖ) іске асыратын еліміздегі бірегей банк. "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін 2003 жылдың шілдесінде алды.
ТҚЖ жүйесі салымшылардың ақшасын тұрғын үй құрылыс депозиттеріне тартып, оларға тұрғын үй қарыздарын беру арқылы халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне сәйкес, салымшы ай сайын 3 жыл бойы депозитіне жарна енгізіп келеді. Банк жинақ сомасына жылдық 2% қосып береді. Сондай-ақ салымшыларға жыл сайын 200 АЕК дейінгі сомаға жылдық 20% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы беріледі.
Мен басқаратын "Отбасы банк" өз клиенттеріне тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған займдардың үш түрін ұсынады.
Қарыздың негізгі түрі – бұл тұрғын үйді Қазақстандағы ең тиімді пайыздық мөлшерлемемен, яғни жылдық 3.5%-дан бастап несиеге сатып алуға мүмкіндік беретін тұрғын үй қарызы. Тұрғын үй займы Банк салымшысына тұрғын үйді сатып алу үшін қажетті соманың кемінде 50%-ын ең аз дегенде 3 жыл мерзім жинаған жағдайда, сондай-ақ бағалау көрсеткішінің ең төменгі деңгейіне-16-ға жеткен кезде беріледі. Тұрғын үй займы бойынша кредит беру мөлшерлемесі жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейін. Несиелеу мерзімі 25 жылға дейін.
Егер сіздің жинағыңыздың мерзімі үш жылға жетпесе, бірақ сізде тұрғын үй құнының 50%-ы болса, сіз жылдық 7%-дан басталатын мөлшерлеме бойынша 25 жылға дейінгі мерзімге аралық қарыз ала аласыз.
Алдын ала тұрғын үй займдары мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде ғана жылдық 2%-дан басталатын мөлшерлеме бойынша 10%-дан басталатын жинақ шартымен беріледі.
Банктің миссиясы қазақстандық отбасыларды жеке баспанамен қамтамасыз ету және Отанға деген сезімін нығайту болып табылады.
Банк өзіне мынадай стратегиялық міндеттерді қояды:
- ТҚЖ жүйесіне қатысушылардың үлесін экономикалық белсенді халыққа 20%-ға дейін арттыру,
- Ипотекалық кредит беру нарығындағы үлесті 36%-ға дейін арттыру,
- Озат технологияларды енгізу және банк қызметін автоматтандыру арқылы клиенттерге online қызмет көрсету операцияларын 70%-ға көтеру. Бұл әсіресе пандемия жағдайында өте қажет.
Бүгінгі таңда банкте 1 миллион 830 мыңға жуық депозит бар.
Банк жұмыс істеп келе жатқан мерзім аралығында 2 389 млрд теңгеден астам сомаға 282 мың қарыз берді.
Институционалдық инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында 2020 жылдың 11 мамырында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев тұрғын үй құрылыс жинақ банкін Отбасы банкіне айналдыруды тапсырды. 2020 жылдың 20 желтоқсанында "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамы "Отбасы банк тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамы болып қайта тіркелді.
Қазіргі уақытта Банк ұлттық даму институты болу жолында трансформация кезеңінен өтуде. Банк өзінің негізгі қызметін тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі шеңберінде жалғастырады және өз клиенттеріне қолданыстағы тұрғын үй бағдарламалары бойынша қарыз беретін болады, бұл ретте оның даму мен қолдаудың толыққанды институты ретіндегі функциялары айтарлықтай кеңейеді. Банк тұрғын үй саясатын дамыту институты ретінде қазақстандықтар арасында тұрғын үйді есепке алуды, қоюды және бөлуді орталықтандырып жүзеге асыратын болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін Отбасы банкіне айналдырудың негізгі идеясы: өз баспанасы жоқ әрбір қазақстандыққа табыстарына сәйкес банкке жүгіну және қолжетімді шарттармен тұрғын үй сатып алу мүмкіндігін беру болып табылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 қаңтардағы №1 қаулысына сәйкес, банк тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу мақсатында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) нысаналы пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор болып айқындалды.
Жекелеген әлеуметтік бағдарламалардан басқа, тұрғын үй құрылысы жинақтарының жүйесі тұтастай алғанда кез келген қазақстандыққа қолжетімді шарттар бойынша тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді. Банк беретін қарыздар бойынша төлемдер азаматтардың отбасылық бюджеті үшін одан әрі ауыртпашылық келтірмейтіні маңызды. Жинақтардың мерзімі мен сомасына байланысты кредиттерді төлеу, кез келген санаттағы клиенттерге қолжетімді. Сондықтан банкте көптеген жылдар бойы NPL ең төменгі деңгейі сақталып келеді (мерзімі өткен қарыздар 90 күннен асады). 2020 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 0,16% деңгейінде болды, орташа банк деңгейі 7%.
Менің "Ашық диалог" платформасындағы блогым әрқайсыларыңызды қызықтыратын сұрақтарды қойып, оған жауап алуларыңыз үшін арнайы құрылған.
Сұрақтарыңыз бен ұсыныстарыңызды күтемін!